Алматыда «Аmanat» партиясының мүшелері мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті. Олар «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін жеткізді. Ерекше жандар аталған жоба бойынша қалалық мекемелерде арнайы квота бойынша жұмыс істеуде.
Шырын БІРЛЕС, №4 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бала кезімде ойнап жүріп темірден травма алғанмын. Содан кейін 8 жасымнан бастап инвалидность қойылған маған. 3 группа көзден. Мен осы 4-ші қалалық ауруханасына осыдан бір ай бұрын отдел кадр бөліміне жұмыс іздеп келген болатынмын.
Бұл ауруханада 25 ерекше қажеттілігі бар азамат жұмыс істейді. Ал Түрксіб ауданының ХҚКО-да 67 қызметкердің 4-еуі мүмкіндігі шектеулі. Мамандардың айтуынша, қазір мемлекеттік мекемелер ерекше жандарды жұмысқа қабылдауға дайын.
Серік ЕСМАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл квотаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, олардың қоғамға интеграциялануын қолдау және лайықты еңбек ету үшін жағдай жасау. Бізде 5 жыл бұрын көрсеткіш төмен болған. Ал қазір мекемелер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауға әзір.