Русский Сайттың толық нұсқасы

Құмсай ауылында 18 отбасы жаңа қонысқа көшті

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2024
  • 320

Василий Ерназаров Темір ауданы Құмсай ауылында туып-өскен. Ол биылғыдай су тасқынын көрмепті, бұрын су ауылдың шетіне жақындап, тез қайтады екен. Бірақ биылғы көктемде апат ауылға айтарлықтай шығын әкелген. Атап айтсақ, 46 тұрғын үй су астында қалған. Осы сәттен бастап барлық күш су тасқынының зардабын жоюға бағытталды. Бүгінде сатып алынған 18 үйге құмсайлықтар қоныстанды (Құмсай, Шұбарқұдық, Сарыкөл және Кеңқияқ ауылдарында), 7 үй күрделі жөндеуден өткен.

Ерназаровтар отбасы осыдан 20 күн бұрын қоныс тойын тойлады. Оларға мемлекет барлық қажетті өтемақы төлеп, баспана сатып алып берді. Аумағы 153 шаршы метр болатын бес бөлмелі үйді Ерназар өзі таңдап, ауыл әкімдігі құжаттарын рәсімдеуге көмектескен. Сондай-ақ оның ауылдасы Жалғас Мүсірепов те үлкен үйге өз таңдауымен қоныстанған.

Бүгінде Құмсайда 21 үйдің құрылысын екі мердігер ұйым — "Taf Company" және "Мұғалжар Строй" ЖШС жүргізуде. 19 үйдің шатыры қайта жабылса, алтауында ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. "Мұғалжар Строй" ЖШС учаске меңгерушісі Дархан Жігітовтің айтуынша, серіктестік 11 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Әрқайсысының ауданы — 80 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарына 30 адам жұмылдырылған.

"Taf Company" ЖШС бригадирі Серік Жалай 15 тамызға дейін он үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Кәсіпорын құрылыс материалдарына қатысты еш қиындық көрмеген, қазір мұнда 40 адам тынымсыз жұмыс істеуде. 

Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Мәди Шүйіншалин жергілікті тұрғындардың жаңа ғимараттарда әрлеу жұмыстарымен айналысып жатқанын хабарлады. 

"Жұмыс күндіз-түні жалғасуда. Біз күнделікті жұмыс барысын бақылаймыз. Жұмысшылар мен құрылыс материалдарына қатысты мәселе жоқ. Тамыз айында электр қуатын, суды, газды беріп, тұрғындарға кілттерді тапсырамыз", — дейді Мәди Шүйіншалин.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.