Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында кәмелет жасына толмаған 156 қыз жүкті болып қалған

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2017
  • 4413

Ақтөбе облысында кәмелет жасына толмаған 156 қыз жүкті болып қалған. Олардың 16-сы оқушы. 70-ке жуығы колледждерде білім алады. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары айтты. Бұл сорақылықтың себебі неде? Ерте жүктіліктің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Жақсыбек Кемал баяндасын.

Мамандар «ойнап жүріп от басатындардың» көбі ауылдан оқу іздеп келген жастар екенін айтады. Оң-солын танып үлгермей жатып ана болғандардың бірі - 17 жастағы Камила есімді бойжеткен. Қазір екі айлық сәбиімен аналар үйінде тұрып жатыр. "Баламның әкесімен бірге болуыма анам қарсы, себеп - жігіт жақтың қалың мал төлей алмауы", - дейді ол.

Камила, қала тұрғыны:

Мен үйде болсам, ұрыс, айғай. Мында тыныш. Үйге барсам, күйеуім келмейді. Бұрын үйде, телефонмен де сөйлесе  алмайтын едім. Мамамның сөйлестіргісі келмейді. Мында келіп көргісі келеді күйеуім. Ақтөбеге барсам, көрем деп жүр.

Өкініштісі, жүкті болғандардың арасында жасы Камиладан да кіші жеткіншектер бар. 15-16-дағы өспірімдердің 70 пайызы ерте жастан тұрмыс құруға мәжбүр болады. Олардың күйеулері де өздері қатарлас немесе 1-2 жас қана айырмашылығы бар бозбалалар.

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бала көтеріп қалған жас қыздар туғысы келеді, жүктілікті тоқтатуды, яғни аборт жасатуды қаламайды. Оны психологтар да айтып отыр. Ал түсік жасатқысы келгендер мерзімі үлкен болғандықтан, тәуекелге бара алмайды. Көпшілігінің сөз байласқан жігіті немесе күйеулері бар.

Денсаулық сақтау басқармасы өкілінің дерегінше, жүкті болғандардың дені - мектептер мен колледжде білім алатындар. Аймақтың кейбір аудандарында діни көзқарасты алға тартып, қыздарды ерте жастан тұрмысқа беретін жағдайлар жиі кездеседі,-дейді мамандар. Білім басқармасындағылар болса, ерте жүктіліктің алдын алу шаралары ұдайы жүргізіліп келе жатқанын, айтуымен шектелді.

Бәтима Айтбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:

Облыс прокуроры мен облыс әкімінің бірлескен бағдарламасы аясында балалар құқығын қорғау мәселесі жолға қойылуда. Оның ішінде ерте жүктіліктің алдын алу да бар. Облыста төрт мектепте кеңес беру кабинеттері ашылған. Сондай-ақ, жоғары класс оқушыларына ақпараттық бағдарламалар таратылады.

Жақсыбек Кемал, тілші:


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы бір жылда  тек екі жасөспірім ғана  аборт жасапты. Тұрмыс құрмай, ана атанғандардың түгелге жуығы нәрестені өзі атына жаздырып, тәрбиелеуді міндетіне алған. Тек Алға балалар үйінің 17 жастағы тәрбиеленушісі ғана баласын босанып, тастап кеткен.

Жақсыбек КЕМАЛ