Бүгін – суға кетудің алдын алу күні. Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық адам тілсіз жаудың құрбанына айналады. Осылайша биыл шомылу маусымы басталғалы бері 35 баладан айырылдық. Дені рұқсат етілмеген жерлерде шомылған. Төтеншеліктер күн сайын рейд шараларын өткізіп-ақ жүр. Десе де, баланың көңілі – далада. «Ақбұлақ Ривиера» тұрғын үй кешенінің маңындағы пирс бұған дәлел. Дәл осы жерден құзырлылар күніге 70-ке жуық бала анықтайды. Құбылмалы ауа райы да оларға кедергі емес. Армансыз шомылып, асыр салады. Заңсыз, әрине.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Білмегем ғой. Бекер келген екенмін деп жатырмын. Екінші рет келмейтін болдым ғой. Дос балам ауылдан келген ғой, бірге келіп отырмыз. Ата-аналар айтқан жоқ, мұғалімдер мектепте айтқан жоқ.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Бұл елордалықтардың сүйікті мекеніне айналған жер. Үлкені де, кішісі де осында келіп суға түседі. Судың орташа тереңдігі 7-8 метрге дейін барады. Мұнда, әсіресе, бала көп. Шілденің шіліңгір ыстығында кім шомылғысы келмейді дейсің? Тек сақтық шараларын ұмытпаған жөн-ау.
Мәселен кәмелетке толмаған балалар жағажайға тек ата-анасымен немесе заңды өкілімен ғана бара алады. Ең бастысы ол жағажайлар арнайы жабдықталған болуы керек және онда кәсіби құтқарушылар кезекшілік етуі тиіс. Астанада қазір рұқсат етілген 5 суға түсетін орын бар.
Рұқсат етілген орындарға Орталық қалалық жағажайы, «Три пескаря», «Столичный двор», «Армина» демалыс аймақтары мен Бейсекова көпірі маңындағы тегін коммуналдық жағажай жатады. Ал тыйым салынған жерлерде шомылған балаларды тәртіп сақшылары полиция басқармасына апарып, ата-аналарымен байланысқа шығуға міндетті.
Азамат ЖҰМЕКЕШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ:
4 бала судың жағасында келе жатып, бір-бірімен бәстескен 15 мың теңгеге судың әр жағына өту туралы. Судың әр жағына жетпей, бұлшықеттердің тартылып қалуына байланысты, әр түрлі себептер бар, суға батып кеткен болатын. Өзінің күшін есептей алмай, қауіпті аймақтарда суға түскен.
Мамандар «судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылуы тиіс»,-дейді. Осы орайда 1 қыркүйектен бастап оқушылар үшін қауіпсіздік сабағы енгізіледі.
Юлия ОВЕЧКИНА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл 10 минуттық сабақ ретінде өтеді. 1-ші және 11-ші сынып аралығындағы оқушылар үшін түрлі тақырыптар қамтылады. Соның ішінде балалардың суға түсу мәселесі де қарастырылады. Қай жерде шомылуға болады, өмірін сақтап қалу үшін не істеу керек, осы бағыттағы сұрақтарға жауап береміз.
Ескертуді елемейтін тұрғындарға айыппұл ғана тосқауыл болып отыр. Тыйым салынған жерлерде шомылған балалардың ата-аналарына 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Биыл 109 адам жалпы сомасы 1 млн 900 мың теңге болатын айыппұл төлеп үлгерген.