Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласындағы апатты ЖЭО жаңғырту барысын бақылап, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін және жылу беру кезеңіне дайындығын тексерді.
Премьер-Министрге энергетика саласын және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жоспары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Абай облысы "қызыл аймақтағы" өңірлердің қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 64,2%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 28 жоба іске асыру сатысында. 37,9 шақырым желі мен 17 жылу көзін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 10,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков осы жылдың қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде коммуникациялар тозуының 57,7%-ға дейін төмендеуі күтіліп отырғанын айтты.
Олжас Бектенов ЖЭО-1-де жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Атап айтқанда, су жылыту қазандығы мен сорғы тобының төртінші қазандығы жаңғыртылды. 90 жылдық тарихы бар жылу көзі "қызыл аймақтағы" объектілердің тізіміне енгізілген, және қаладағы ең ірісі болып саналады.
ЖЭО-1 "Теплокоммунэнерго" МКК құрамына кіреді. Сондай-ақ кәсіпорынға 70 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық кіреді. Белсенді тұрғын үй құрылысын және қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозу деңгейін ескере отырып, жылу және электр қуатының тапшылығы байқалады.
Қазіргі таңда Семей қаласының сол және оң жағалаулары автономды түрде жылумен жабдықталған. ЖЭО-1 сол жағалау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді, оң жағалауда бұл функцияны 21 қазандық атқарады.