Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте психоневрологиялық есепте тұрған автобус жүргізушілері анықталды

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2024
  • 243

Шымкентте рейд барысында психикалық ауытқуына қарамастан көлік тізгіндеген жүргізушілер анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһарда психикалық диспансерде тіркеуде тұрса да, көлік тізгіндеуден қорықпаған мыңнан аса азамат қолға түсті. Ауытқушылығының барына қарамастан рөлге отырғандар жұртқа кесірін тигізіп те үлгерген. Жергілікті прокуратура қызметінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 1300 рет ереже бұзып, 28 жол-көлік оқиғасына кінәлі болған. Заңды бір шетке ысырып, өзгенің өміріне салғырт қараған жүргізушілердің куәлігін жарамсыз ету қолға алынды.

– Сотқа талап-арыз беріліп, 200-ден астам адамның жүргізуші куәлігіне шектеу қойылды. Бұл кісілердің медициналық қарсы көрсетілімі бола тұра, жүргізуші куәлігін алуы қауіпті екенін атап өтеміз. 2023 жылы қадағалау актісі енгізілген. Сотта іс қаралып жатыр, – деді қалалық прокуратура басқармасының аға прокуроры Қали Бейсенов.

Прокуратураның дерегі бойынша, Шымкентте наркологиялық және психоневрологиялық есепте тұрған 10 автобус жүргізушісі анықталған. Сондай-ақ тексеру кезінде 7 азаматтың куәлігі қоғамдық көлік тізгіндеуге сәйкес келмейтіні белгілі болды. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына «азаматтар куәлік аларда медициналық анықтамада мін болған жоқ» деп ақталды.

– Бағдарламада наркологиялық және психоневрологиялық диспансермен интеграция жасалған. Базада көрсетілген деректер тексеріледі. Наркологиялық, психоневрологиялық диспенсерде тіркеуде тұрған жағдайда базада көрсетілуі тиіс, сәйкесінше ол кісіге қызмет көрсетуді тоқтатамыз, – деді №1 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының орынбасары Фархан Байзиев.

Ел бойынша Шымкент жол-көлік апаты жиі болатын аумақтар арасында алғашқы бестікте тұр. Бұл көрсеткішке үлесін қосқандар қатарында психикалық ауытқуына қарамастан көлік тізгіндеген жүргізушілер де бар. Шаһарда ақыл-есінің ауытқушылығына байланысты 12 мың азамат тіркеуде тұрса, оның 1000-нан астамы наркологиялық диспансерде ем алады