Биылғы жылдың алғашқы алты айында әуе кемесімен қатынаған жолаушылардың саны 6 млн 800 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Отандық әуежайлар 11 млннан астам адамға қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, әуе компаниялары паркі 5 ұшақпен толықтырылды. Халықаралық рейстердің географиясы аптасына 760 рейс жиілігімен және 132 бағыт бойынша 33 елге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ, әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ләззат СТАМҒАЗИЕВА, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Алматы қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеке қаражат есебінен Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында жолаушылар терминалдарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Еліміздегі жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымнан асады. Қазір 12 мың шақырым күре жол жөнделіп жатыр. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жауаптылар жөнделіп жатқан 7 мың шақырым жолды жыл соңына дейін қолданысқа береміз дейді. Бастысы, сапа бақылауда болдатынын жеткізді.
Нұрболат ҚУАНДЫҚОВ, ҚР КМ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын Ұлттық сапа орталығы тексеруді жүзеге асырады. Жылдың басынан бастап бізде 5 мыңнан астам шығулар жүзеге асырылды. Республикалық желі толығымен 100 пайыз қамтылды.
Сонымен қатар, биыл еліміздің теміржол желісінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 1400 шақырымнан астам шойын жол қайта жаңартылмақ. Оның 570 шақырымы рельстерді толық ауыстыруды талап етеді. Қазіргі уақытта жұмыстар жартылай аяқталды. Сонымен қатар, жауапты ведомства 2024 жылы 140 жаңа жолаушылар вагонын алдыртуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 22 вагонға артық. Бұдан бөлек, жүк тасымалы да қарқынды дамып келеді.
Нұржан КЕЛБУҒАНОВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ СУ КӨЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Биылғы алты айда теміржол арқылы шикізаттық емес жүктер экспортының көлемі шамамен 10 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. ҚР мен ҚХР арасындағы тасымалдардың өсуі ерекше байқалады.
Биыл теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ.