Русский Сайттың толық нұсқасы

5 мың мопед айыппұл тұрағында тұр

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2024
  • 291

5 мың мопед айыппұл тұрағында тұр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Премьер-министрдің сұрағына берген жауабында айтты.

«Жаңа ғана «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Мопедтердің мәселесі уайымға айналды» деген мақаланы оқып шықтым. Сол мақалада көрсетілгендей, биылдың өзінде мопедтердің қатысуымен болған апаттарда 27 адам қазақ тапқан. Масқара деректер! Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз?» - деп сұрады О.Бектенов министрден.

Министрдің айтуынша, мопедтер қозғалысын реттейтін заң жобасы Сенатта жатыр.

«Иә, проблемалар бар. Көбінесе бұл мопедтермен жасөспірімдер, курьерлер жүреді. Заңнама аясында шаралар қабылдап жатырмыз. Барлық мопедтер тіркеуге алынады. Одан кейін мемлекеттік номер беріледі. Содан кейін ол мопедтерді жүргізу үшін куәлік алу керек болады. Қазір заң жобасы Сенатта жатыр. Біз оны күтпестен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 39 мың жүргізуші анықталып, тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде кәмелетке толмаған 202 адам бар. Олардың ата-аналары жауапқа тартылды.
Ал айыппұл тұрақтарына 5 мыңнан астам мопед қамалды. Бұл жұмыстарды жалғастырамыз», - деді Ержан Сәденов.