Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы «тұрақты президенттік билік сақталады» деп мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2017
  • 2741

"Тұрақты президенттік билік сақталады". Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді талқылады. Конституцияның бас аяғы 23 бабына өзгеріс енгізу ұсынылған. Бұл мәселе үшін жалпыхалықтық референдум өткізудің қажеттілігі жоғын Елбасы тағы да шегелеп айтты. Ата заңға енгізілетін өзгерістерді депутаттардың қаншалықты қызу талқылағаны туралы Айгүл Әдепбай тарқатады.

Айгүл Әдепбай, тілші:


Сонымен Елбасының есімі Астанаға беріле ме, осы мәселе бүгін Парламенттің қос палатасында тағы көтерілді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қараған депутаттар тағы ерекшеленді. Жиынға  қатысып, сөз сөйлеген Елбасы депутаттардан Ата заңға енгізілетін өзгерістерді кейінге қалдырмауды сұрады. Халық қалаулылары кейінге қалдырмасы анық, заң жобасын, бүгін бірінші оқылымда түске дейін қарап, үзіліс жариялап, түстен кейін тағы жалғастырды.

Ата заңға өзгерістер енеді, халықтың ұсыныс тілектері ескеріледі дегенде, тұрғындардан 6 мыңнан астам ұсыныс түскен. Жұмыс тобы қолданыстағы 300 заң мен 20 кодекске талдау жүргізген. Парламент пен Үкіметтің өкілеттігі кеңейеді, дегенмен «Қазақстанның өзіне тән саяси моделі - тұрақты президенттік билік сақталатынын» айтты Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің президенттік билік жайында осы жылдарда неше түрлі сөз айтылатынын білеміз, өзімізде де, сыртта да. Бірақ та біз ең алдымен өзімізге, қазақстандықтарға, халқымызға не керек, сол жолмен жүрдік. Осы нағыз дұрыс жол.

Сонымен қатар қоғамды алаңдатқан 26-шы баптың тағдырын да түсіндірді президент. Меншікке қатысты мәселе қозғалғанда, Қазақстан азаматтары деген сөз «әркім» деген сөзге ауыспайтын болды. Дегенмен, бұл бапқа қайтып оралатынымызды да ескертіп өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен 26-шы бапты өзгеріссіз бұрынғы редакцияда қалдыру туралы шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын. Бұл заңды кейінге шегере тұрайық, бұл бапты.

Сонымен ендігі жерде Президент Үкіметтік актілердің қолданылуына тыйым салып, Мәжіліске "мына заң жобаларын енгіз" деп тапсырма бере алмайды. Конституциялық кеңестің шешіміне де қарсы келе алмайды. Дегенмен әкімдерді орындарынан босату құзыреті сақталады. Түрлі жағдайларға мораторий жариялау құқы да Президенттің еншісінде қалады. Президенттің құзырында болған жалпы саны 35 уәкілеттілік парламент пен үкіметке үлестірілді.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:

Президенттен Конституциялық кеңестің шешіміне қарсы келу құқы алынады. Дегенмен мемлекет басшысы, Премьер-министр және Парламент палаталары төрағаларымен кеңескен соң, мәслихаттардың құзыретін мерзіменен бұрын тоқтата алады.

Елбасыдан министрлерді тағайындау құқы да алынады. Енді президент тек қорғаныс министрі мен сыртқы істер министрін тағайындай алады. Қалғандарын депутаттар бекітеді. Алайда халық қалаулылары "ішкі істер министрін де Президент таңдауы керек" деген бастама көтеріп, бұл өзгерісті қабылдамады. Есесіне депутаттардың құзыреті артады. Осы өзгерістер қабылданса, Мәжіліс құрамы жаңадан сайланған жағдайда, Үкімет өзінің өкілеттігін тоқтатады. Депутаттар қандай да министрдің жұмысы жақпай қалса, оны орынынан босатуға дейін пәрмен алды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Парламенттің министрлерді қызметінен босатуға құзыреті болады. Бұл механизм келесідей жұмыс істейді. Егер, мысалы, үштен екісі депутаттардың үкімет мүшелерінің жұмысына қанағаттанбаса, жұмысы дұрыс емес деп шешім қабылдап жатса, сол кезде үштен екісі дауыс беретін болса, Елбасы оларды жұмыстан босататын болады.

Заң жобасына сай соттар мен прокуратураның да пәрмені артады. Әділбек Жақсыбеков Жоғарғы соттың кассациялық инстанция ретінде рөлі нығая түсетінін атап өтті. Прокурорлық бақылаудың да шекарасы айқындалды. Яғни құзырлы орган мемлекет атынан заңдылықтың сақталуын жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Депутаттар да қарап қалмады, Ата заңда Елбасының толағай табыстары аталып өтуі қажет, деп санайды олар.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Конституциямыздың 91-бабы 2 тармағының жаңаланған нұсқасын ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбектері, Тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстарын да ерекшелеп, бірегей үлесі аталып өтуі қажет деген мәтінмен толықтыруды ұсынамын.

Ал сенатор Дархан Қалетаев Елбасының есімін Елорда мен бас шахардағы өзге де маңызды нысандарға беру бастамасын қайта көтерді.

Дархан Қалетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

2008 жылы мен Астана халықаралық әуежайына тұңғыш президент, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру бастамасын көтерген едім. Бұл бастама қоғамда кең талқыланды. Және тұрғындардың көбі қолдау білдірді. Елбасының есімін Астанаға және елдегі өзге де нысандарға беру ұсынысы қазір де өзекті.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Ата заңға енетін өзгерістер Үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді. Яғни мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп, өзі іске асырады. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттырады, деп сеніп отыр өзгеріс енгізген жұмыс тобы. Алайда бюджет теңгелерін жыл сайын миллиондап игермей тастайтын министрлер кабинеті енді мойнына артылған жүкпен не істейтінін уақыт көрсетер. Ал депутаттар заң жобасын бүгін бірінші оқылымда мақұлдап, дүйсенбі күні екінші оқылымда қарап, тиісті шешім қабылдауға дайын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ