Еңбек заңнамасының сақталуына бақылау күшейеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 28,7 мыңнан астам қызметкердің құқығын қорғады. Атап айтқанда, 9,5 мың қызметкерге 2 миллиард теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек төленді. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 19 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқығы қорғалды.
– Платформалық жұмыспен қамтуды регламенттейтін және аталған салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауды қамтамасыз ететін заңнамаға түзетулер қабылданды. Мемлекет басшысы мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін заңға қол қойды. Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері ашылады, өңірлердегі инспекторлар саны артады. Бұл еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуге, қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға, еліміздің кәсіпорындарындағы қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек дауы мен жанжалының туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді, – деді министрлікте.
Ведомствода 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы белсенді түрде іске асырылуда деп қосты. Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта барлық бизнес-процестер: жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныс құралдарын және басқа кепілдіктер ұсыну, барлық деңгейде еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру автоматтандырылады.