Русский Сайттың толық нұсқасы

"Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектебінде асхана жоқ", - Премьер-Министр

Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Алғашқы қоңырау демалыс күнге сәйкес келуіне қарамастан әдеттегідей бірінші қыркүйекте соғылатын болды. Білім күні 61 мектеп жаңадан ашылады. Үкімет басшысы пәндік қабинеттерден бастап, интернет желісіне дейін дайын болсын деп талап қойды. Ал күрделі жөндеуден өтіп жатқандары мерзімінде үлгірмейтін түрі бар. Оның жетеуі Ақтөбе облысында орналасқан. Құрылыс жұмыстары негізсіз созылып кеткен. Тіпті жоспардағы жұмыстың жартысын аяқталмағандар барын айтты.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30 пайызы ғана орындалған. Бұл мәселе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар

Елімізде оқушылардың саны 4,5 млн-нан асады. 360 мыңы бірінші рет мектеп табалдырығын аттайды. Үкімет басшысының айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Биыл 500 мыңнан астам бала үшін 22 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақытылы жіберілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ал тегін тамақпен 1 млн 700 мың оқушыны қамту көзделуде. Бірақ ыстық тамақты әзірлейтін асханасы жоқ мектептер бар.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектебінде асхана жоқ. Осы өңірлердің әкімдіктері тамақтану сапасын және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алсын.

Үкімет басшысы қауіпсіздік мәселесін қайта-қайта шегелеп ескертуінде мән. Өткеннен сабақ алу керек. Биыл білім ошақтарының 70%-ы ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған. Ал 87%-ы дабыл түймелерімен жабдықталған.

Ғани БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау болып қала береді. Өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілді.

Күні кеше мемлекеттік грант игерлерінің тізімі жарияланды. Студент атандық деп қуаныштары қойындарына сыймай жатыр. Енді жатақхана жырға айналады. Үкімет басшысы

"Сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауға тиіс" деп тапсырмасын берді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәселе биыл оң шешімін табады деп сендірді. Айтуынша, биылдың өзінде 10 мың орындық 27 жатахана іске қосылады.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Студенттердің оқу жылының басында көптеп келуі, әсіресе Алматы және Астана қалаларына, күтілгендіктен, біздің министрлік бірыңғай колл-орталық және ахуал орталығын ұйымдастырады. Сондай-ақ, студенттерді жатақханаларға орналастыру күндерінде әрбір жоғары оқу орнында көмекке мұқтаж студентті қолдау үшін ахуал орталықтары жұмыс істейтін болады.