Русский Сайттың толық нұсқасы

Басынан бірнеше рет балтамен ұрған: Павлодарда сот адам өлтірген тұрғынды психикалық ауру деп таныды

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2024
  • 268

Павлодарда сот адам өлтірген азаматты психикалық ауру деп таныды. Ол өз үйінің ауласында жәбірленушінің басынан бірнеше рет балтамен ұрған, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

6 тамыз күні облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіру фактісі бойынша істі қарады. 

"2024 жылғы 29 наурызда Павлодар қаласы М. Жүсіп көшесіндегі жеке үйінің ауласында жүрген Д., өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті сипатын ұғына алмай, есі дұрыс емес болып Д.К.-ның басынан балтамен бірнеше рет ұрған, оның салдарынан соңғысы сол жерде қайтыс болған. Психиатриялық сараптаманың қорытындысымен Д.-ның ақыл-есі дұрыс емес деп танылды", - деп хабарлады соттың баспасөз орталығы.

Жауапкер қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы бар деп танылды. Осының салдарынан ол өзінің әрекеттерiнiң iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған. Сол себепті қылмыскер Қылмыстық кодекстің 16-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.

"Сот істің барлық мән-жайын зерттеп, Д.-ны ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатты және Алматы облысы Талғар кентіндегі жабық психиатриялық стационарлық ауруханада медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданды", - делінген хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.