Дәрібек БАХЫТБЕК:
Бүгін Демеуді демеуге келген халықтың қарасы қалың. Жанкүйерлер ашық аспан астында жерлесіміздің бозкілемдегі белдесуін тамашаламақ. Алтынның ауылы алыс емес. Жадыраев бір жарқылдаса деп тілеуін тілеудеміз. Эмоция әртүрлі. Бірі қиқуға басып жатса, енді бірі демдерін ішіне тартып, соңын сабырмен күтуде.
Халық барынша демеді. Балуан да беріспеуге тырысты. Тіпті алғашқы екі ұпайды алған кезде сенім арта түсті. Қарсылас төрт тағандаған кезде ұпайды еселеп алуға мүмкіндік болған. Бірақ пайдалана алмады. Екінші кезеңде жапондық бірден төрт ұпай еншіледі. Одан кейін де Демеу деміккен жоқ. Төрт тағанда ұпай бермеді. Бірақ есепті теңестіре алмады. Осылай Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Барша Қазақ болып Демеу ағамыздың бүгінгі белдесуіне жанкүйер боп отырдық. Өкінішке орай алтын бұйырмады. Сонда да күміс алдық. Бұл тарихи сәт. Біз үшін бұл үлкен жетістік.
- Япониялық спортшымыз оңай болған жоқ. Бәрібір біз үшін Демеу чемпион.
Демеу Жадыраевтың ауылында дүбірлі той. Спортшымызды қолдауға анасы мен туыстары, ауылдастарының бәрі жиналған. Бұл жеңістің өзі үлкен жетістік десті. Анасы қуанғаннан көзіне жас алды.
Күлипа БИЖАНОВА, Д. ЖАДЫРАЕВТЫҢ АНАСЫ:
Алла күш қуат берсін менің балама. Алдындағы, артындағы інілеріне сол баламның жолын берсін. Дені сау болсын қайда жүрсе де. Қазағымыздың көк туы желбірей берсін.
Түн ауа Нұрбек Оралбайдың айы оңынан туар деп үміттендік. Қарсыласы қалпақпен ұрып алатын оңай жаңғақ емес. Атынан ат үркейді. Соған қарамастан Нұрбек шаршы алаңның шаңын шығарды. Бір сәтке дамыл тапқан жоқ. Екі раунд қорытындысында таразы басы тең тұрды. Тек шешуші сәтте бір төреші украиналық боксшыны басым деп таныды.
Гүлнар ТІЛЕУКҮЛОВА, Н. ОРАЛБАЙДЫҢ АНАСЫ:
Мен басын көрдім. Аяғына дейін отыра алмадым. Бәрі жанкүйер болып отырған Қазақ еліңе көп-көп рақмет! Міне Алланың қалауымен күміс болды. Бәріміз алтын күткенбіз. Келесі жолы екеуіде алып келер ойлаймын енді.
Төрткүл дүние көз тіккен Париж төрінде былғары қолғап шеберлері алтын алмады. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов қазақстандық жанкүйерлерден кешірім сұрады.