Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ ғалымы топырақты тоздырмайтын гель жасап жатыр

  • AstanaTV
  • 10 тамыз 2024
  • 427
Топырақ құнарын арттыру амалын фермерлер ғана емес, қазақстандық ғалымдар да қолға алған. Amanzholov University ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мақсатында топырақтың ылғалы мен құнарын арттыру үшін целлюлоза негізінде мультикомпозиттік биогидрогель әзірлеп жатыр. 
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми жобалар грант қаржыландыруына арналған байқауында жеңімпаз атанды.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында қолданылатын топырақтың 75%-дан астамы тоза бастаған. Қалған 25%-ы тәуекел аймағында. 
Мұның бәрі өнімділіктің төмендеуіне және үлкен қаржылық шығындарға әкеледі.
Қыдырмолла Ақатанның айтуынша, биогидрогельге тек отандық шикізат пайдаланылғандықтан басқа түрлеріне қарағанда 1,5 есе арзан болады.
Тағы бір артықшылығы — пайдаланудың әмбебаптығы. Гель дақылдың барлық түріне жарамды.
Бұл тиімді құралды егіс алдындағы топырақты өңдеу кезінде қолдану қажет.
— Биогидрогель жасау үшін біз ауылшаруашылық дақылдардың қалдықтарын қолданамыз. Бұл экология мен экономика тұрғысынан да тиімді. Құралға тыңайтқыш, пайдалы қасиеттер сіңіру үшін жергілікті агроминералдарды иммобилизациялау жүргізіледі. Нәтижесінде біз өсімдіктерді тиімді сорбациялайтын, ылғалды сақтайтын, ыстыққа сезімтал және өсуге ықпал ететін препарат ала аламыз, — дейді ғалым.
Қазір жоба бойынша жұмыс зертханалық жағдайда жүзеге асырылуда.
Қыдырмолла Ақатан отандық егін саласындағы өнімді 20-25%-ға дейін арттыруға сеп болатын жұмысын сәтті аяқтауға уәде берді.
Сондай-ақ гидрогель өндіруді өнеркәсіптік көлемде жоспарлап отыр,- деп хабарлайды Қазақпарат.