Русский Сайттың толық нұсқасы

Олимпиада күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың анасына жаңа үйдің кілті табыс етілді

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2024
  • 319

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, палуан Демеу Жадыраевты қабылдап, "Жетісу облысының Құрметті азаматы" төсбелгісін тақты. Анасы Күлипа Бижановаға салтанатты түрде құрмет көрсетіп, Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сондай-ақ спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбековке және жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа қаржылай сыйлықтар тапсырылды. 

Өз кезегінде Демеу Жадыраев алдымен анасына ерекше құрмет көрсеткені үшін алғыс білдірді.

"Анамды арнайы шақырып, құрметтеп, баспана сыйлап жатқандарыңызға көп рахмет айтамын. Кезінде Талдықорғанда Жақсылық Үшкемпіров атындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернат мектебінде төрт жыл оқып, сол жерде қанатымыз қатайды, үлкен спортқа қадам басуға көпір болды. Туып-өскен жеріміз "Жетісу облысының Құрметті азаматы" атану мен үшін үлкен мәртебе", - деді Демеу Жадыраев.    

Еске салсақ, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев – Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы. Оның спорттағы алғашқы қадамы Үшарал ауылындағы мектепте күрес секциясына қатысудан басталған. Бұл секцияда оған күрестің бастапқы әліппесін үйреткен жаттықтырушы Жұмахан Тұрғамбеков болды.

Кейін 2003-2007 жылдарда Демеу Жадыраев Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернат мектебінде оқыды. Бұл мектептен Мират Сәрсенбаев, Карина Горичева, Игорь Сон, Ильфат Абдуллин сияқты әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері шыққан. Осылайша Жетісу жерінен басталған спорттағы жол үлкен даңғылға ұласып, Демеу Жадыраев биыл Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында күміс медальға ие болды.