Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда саяжай иелерінің велосипедін ұрлаған баукеспе ұсталды

Оралда саяжай тұрғындарын жаяу қалдырған баукеспе ұсталды. Ол әуелі көршісінің 140 мың теңге тұратын велосипедін ұрлапты. Олжасын оңай ақшалап дәніккен жігіт саяжайдағы гараждардың бірінен 200 мың теңгенің шайтан арбасын қымқырыпты. Бұған қоса қолына іліккен құрал-саймандарды да үптеп кеткен.

Артур МҰСАҒАЛИЕВ, БҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Орал қаласы аумағында саяжай қоғамдық орындарында ұрлық жасаған тұлға ұсталды. Аталған тұлға қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған тұлғаға қатысты 4 қылмыстық іс алдын ала қозғалған еді. Алайда қазіргі уақытта қылмыстық істерді тергеу барысында тағы бір жәбірленуші тұлға хабарласып, оған қатысты бір қылмыстық іс қозғалды.

Полиция дерегінше, жаз кезінде велосипед ұрлығы жиілейді. Сондықтан қос дөңгелекті серігінен айрылғандардың тәртіп сақшыларына тезірек хабарласуын сұрайды. Өйткені күдіктінің басқа да ұрлыққа қатысы болуы мүмкін.