Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында ұңғымалар пайдалануға берілмей жатып, халықты сары уайымға салды

Түркістан облысы Кентау қаласында жер асты суын сору үшін салынған ұңғымалар пайдалануға берілмей жатып, көпшілікті алаңдатып отыр. Өйткені аталған нысан көп қабатты тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Жергілікті жұрттың айтуынша, ұңғымадан шыққан су арнайы арықпен ақпай баспанаға қарай құйылатын көрінеді. Жертөлемізді жиі су алады деген тұрғындар бұлай жалғаса берсе көп ұзамай үйлеріміз құлап қала ма деп үрейленеді. Білулерінше, жер асты суын сорып алатын мұндай ұңғымалар кез келген нысаннан 400 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда, баспанамызбен арасы 5 метрде шықпайды дейді сары уайымға салынған халық. Тұрғындар ұңғымадан шыққан су қысыммен ғана арыққа жіберіліп жатқанын айтады.

Дастан ӘЙТПЕНОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді бұның аққаны бізге өте зиян болды. Адам баласы құрылыс мәселесімен айналысқанда 7-8 метрден жәй бір қабатты үйге де құдық қазбайды. Ал бұл іргеге тақап қойған. Қандай маманның ісі екенін біз білмейміз. Ал бұның жылдар өте асты апанға айналып,.. үйіміздің іргесі суға толды қазір. Тек үйді қирату, адам өліміне апару болады.

Тұрғанкүл ЖЫЛҚЫБАЕВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күндіз дренажды қосып қояды да, кешке таяу суды ағызып қояды, нені өшіріп қояды дренажды. Сол дренажды өшірген кезде бізге домның астына су кетіп жатыр. Үйдің астына су кете берсе дом құлауы мүмкін. Көз бояу ғой бұл әшейін.

Кентауда жер асты суын соруға арналған жалпы 11 дренаж салынып жатыр. Бұл –жер асты суы жоғары кенді шаһардың көшелерін нөсер жауыннан соң көлкіп қалудан құтқарудың амалы дейді мамандар. Маңызды жобаға 3,5 млрд теңге жұмсалған. Жергілікті билік өкілдері нысан іске қосылса мәселе өзі-ақ шешіледі деп сенімді отыр.

Нұрбол КӨКЕНОВ,  КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрылыс басқармасы толық бұл нысанды қабылдап алғаннан кейін іске қосылады. Іске қосылған кезде бұл үйлердің астында су болмайды деп күтілуде. Осы биыл жылдың соңына дейін қабылданып, іске қосылады деп күтіп отырмыз.

Алайда, нысан пайдалануға берілгенге дейін де жауын-шашын аз болмайтынын білетін жұрт оған дейін баспанамыз бүліне түседі ме деп алаңдауды.