Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан аумағына 5 Франция сыяды, ал бір Францияда 56 атом реакторы бар — Бану Нұрғазиева

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2024
  • 387

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғимаратында қоғамдық талқылау өтіп жатыр.

Қоғамдық талқылауға қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар және қала тұрғындары қатысты. Жиын барысында еліміздегі атом энергетикасын дамытудың жоспарлары таныстырылды.

— Қазақстанның Азаматтық Алянсына 7 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым кіреді. Біз бірнеше жыл бұрын АЭС салу мәселесін көтердік, себебі атом электр станциясы — жасыл технология. Оны әлемнің ең дамыған елдері қолданып келеді. АЭС саны бойынша әлемде АҚШ бірінші тұр — 96 реактор. Сондай-ақ көшбасшылар қатарында Франция бар. Қазақстан аумағына 5 Францияны сыйдыруға болады дейміз. Бірақ бір Францияда 56 атом реакторы болса, онда уран өндірісі бойынша бірінші тұрған Қазақстан туралы не айта аламыз? Осы себепті Азаматтық Алянстың мүшелері еліміздің өңірлерінде қоғамдық талқылаулар өткізіп жатыр, — деді Қазақстан Азаматтық Алянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Қоғамдық сарапшы ретінде қатысқан Медеу Әбішев АЭС қауіпсіздігі туралы пікір білдірді.

— Бүгінгі талқылаудың маңыздылығы жоғары, себебі халық не үшін АЭС салынып жатқанын білуі керек. Қазір қоғам ішіндегі негізгі қорқыныш радиофобияға байланысты болып тұр. «Жарылып кетуі мүмкін» деген сөздер айтылады. Бірақ бұл мәселелердің бәрін ғалымдар да, үкімет те барлық қауіптерді ескеріп, шешім қабылдайды. Қарастырылып жатқан реакторлар +3 буынды реакторларға жатады. Уақытпен сұрыпталған, сенімді реакторлар. Мұндай реактордың істен шығу қаупі өте төмен, — деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев.

Бұл туралы Қазақпарат жазады.