Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола өңіріне жұмыс сапары Қосшы қаласындағы 1500 орындық мектеп-гимназияны аралап көруден басталды. Мектеп «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандарттарына сай бой көтерген білім ошағында қазіргі кезде екі ауысыммен 2700 бала оқиды. Мемлекет басшысы роботты техника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинеттерін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі. Оларға өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобусды сыйға тартты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын.
Бұдан соң, Президент Қосшы қаласының инфрақұрылымымен танысты. Қаланың бас жоспары аясында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Соңғы екі жылда қалада үш мектеп пайдалануға берілген. Тағы бір мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі қазіргі кезде жекеменшік инвестиция есебінен жанында 1000 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 орындық көпбейінді аймақтық аурухана салынып жатқанын жеткізді. Себебі, қалада соңғы 3 жылда демографиялық өсім екі есе көбейген.
Гайдар ҚАЙСЕНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
2021 жылы Қосшы облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Осы үш жылдың ішінде халықтың саны 2 есе өсті. Жалпы бүгінгі таңда 110 мыңнан асады.
Президент сапар аясында жартылай фабрикаттар өндірісімен де танысты. Кәсіпорында құс етін терең өңдеп, тез дайындауға болатын түрлі тағамдар шығарылады. Шикізат облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Жартылай фабрикаттар ішкі нарықта ғана сатылмайды, сонымен қатар Еуразия экономикалық одағына мүше елдерге экспортталады. Содан соң, мемлекет басшысының жұмыс сапары Целиноград ауданындағы Родина ауылында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен ауылдағы Мәдениет үйін аралап, «Достық шуағы» композициясын тамашалады. Мұнан соң ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Сонымен қатар Президент Родина ауылының «Наша родина» супермаркетін, «Достық» саябағы мен жалпы орта білім беретін мектебін аралап көрді.