Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2024
  • 392

Алматыда Атом электр станциясының Қазақстандағы құрылысына қатысты 19-шы қоғамдық талқылауы өтті. Жиынға атом саласының сарапшылары, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтық сектордың өкілдері қатысып, арнайы сараптама жасады. Генерациялық қуат көзі ретінде Атом электр станциясын салу – ел экономикасы үшін оңтайлы шешім болмақ дейді олар.

Ерлан БАТЫРБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл – экологиялық таза энергия көзі. Қазір Атом электр станциясына деген қызығушылық артып келеді. Себебі, елімізде электр энергиясының тапшылығы пайда болуда. Бұл мәселені шешу үшін АЭС-ті орнату өте маңызды. Көпшілік бұны қауіпті деп ойлайды, бірақ бұл – қате пікір. Атом электр станциясын салуға арналған қажеттіліктердің бәрі бізде бар. Қазақстанда ғылым жоғары деңгейде дамып келеді.

 Атом электр станциясы әлемдегі дамыған мемлекеттерде қолданылатын жасыл технологиялар қатарына кіреді. Дүниежүзі бойынша 32 елде 400-ден аса атом реакторы іске қосылған. «Бұл жоспарды жүзеге асыру еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экономикаға жаңа серпін береді» - дейді сарапшылар.

Жұбаныш ӘБДІМҰРАТОВ, Ғ. ДӘУКЕЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Біріншіден, экологиялық таза, өздерің білесіңдер дүниежүзі бойынша 33 мемлекеттерде болып жатыр. Болашақта да 59, әртүрлі станциялар салу мәселелері қарастырылып жатыр. Екінші, тиімді. Үшінші, бұл тіпті әрі қарай іске қосылатын болса, бұл тіпті бірте-бірте бағаның төмендеуіне де алып келеді. Атом электр станциясы бізде салынып іске қосылса, ол әрі қарай экономиканың нығаюына, дамуына өз кезегінде үлкен үлесін қосар еді.

Атом электр станциясын салу идеясына көпшілік қызығушылық танытып, қолдау білдіруде. Себебі, бұл өзгеріс алда өршуі мүмкін энергетикалық дағдарыстың жалғыз шешімі болып отыр.

 Борис ЖАППАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:

Энергетикасыз ешбір мемлекеттің болашағы да, бүгінгісі де жоқ. Егер біз ел боламыз, бай боламыз, экономикамызды дамытамыз, елді алға қарай болашаққа жылжытамыз десек, бізде энергия күші қуаты жеткілікті болуы керек.

Еске салсақ, 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу бойынша референдум өтетінін жариялаған болатын. Референдум күзге жоспарланған. Яғни, осы уақытқа дейін барлық облыста қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылуы тиіс.