Орал
қаласындағы сұлулық салондары санитарлық талаптарды аяқасты қылып отыр. Бұл
келеңсіздіктерді Батыс Қазақстан облысы бойынша тұтынушылар құқын қорғау
басқармасы анықтаған. Басқарма бастығы Жайдар Құрмановтың сөзінше, тексеру
жүргізуге былтыр көктемде «Звезда Востока» салонындағы адам өлімі себеп
болыпты. Осы қайғылы оқиғадан кейін Оралдағы сұлулық салондары жаппай
тексеріліп, 11 салонда санитарлық талаптар бұзылғаны анықталды. Атап айтсақ,
салон қызметкерлерінің біліктілігін растайтын құжаттары жоқ, әрі құралдарды
қолдану ережелері бұзылған. Санитарлық талаптарды бұзғандарға 42 мың теңге
көлемінде айыппұл салыныпты. Тағы 16 салонға осы кемшіліктерді түзету үшін
ескерту жасалған.
Жайдар
Құрманов, БҚО тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы:
Былтыр
болған қайғылы жағдайдан кейін бізге тұрғындардан түрлі шағымдар түсті. Осы
шағым бойынша қаладағы сұлулық салондарын түгел тексеріп шықтық. Тексеру
кезінде бұл мекемелердің жартысынан астамында санитарлық талаптардың бұзылғаны
анықталып, әкімшілік шара қолданылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Айта
кетелік, былтыр 28 наурызда Оралдағы "Звезда востока" сұлулық
салонында жүргізілген косметологиялық процедуралар кезінде Айжан Жақанова
есімді келіншек қайтыс болған еді. Оның өліміне кінәлі деп танылған косметолог
Эльвира Абдуллаева үш жылға бас бостандығынан шектелді. Сот кезінде оның
Қазақстан аумағында бұл іспен айналысуына
арнайы сертификаты мен лицензиясы жоқ екені анықталды.
Заңғар САНАЙ