Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда балабақшада бүлдіршінге қол көтеру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр

Атырауда балабақшада бүлдіршінге қол көтеру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Екі жасар бөбектің бөбекжайға барғанына 4-ақ күн болыпты. Анасы мектепке дейінгі мекемеге жуырда музыкант болып жұмысқа кірген. Түскі демалыс кезінде қызын көруге барып, бетіндегі көгергенді байқаған. Сұраған кезде тәрбиешінің көмекшісі кереуеттен құлап қалғанын айтыпты. Бірақ бірнеше күннен соң қызымның денсаулығындағы өзгерісті байқап, видеоны қарап, қатты ренжідім ,- дейді анасы.

Құралай ЕДІЛБАЕВА, АТА-АНА:

Видеоны қарадым, көрдім. Айтатын сөзім болмады. Ана видеоны көргенде тіпті өздігінен тамақ іше алмайды менікі. Бір қасығын алып аузына салады да тартып алып кетеді тарелканы. оның да видеосы бар. Ол бала ғой біз аманат етіп отырған. Түнге дейін қызым құсады. Температура болады балада.

290 орындық «Жанбота» балабақшасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде былтыр пайдалануға берілген. Тәрбиеленушілердің барлығы мемлекеттік тапсырыс бойынша жолдамамен келген. Балабақша басшысының айтуынша, тәрбиешінің көмекшісі де, баласы соққы алған музыкант та өз еркімен жұмыстан кеткен.

Лаура ҚОҢЫРОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:

Осы жағдайға тікелей қатысы бар қызметкерлер үстінен қызметтік тексеріс жүргізілуде. Және болашақта мұндай жағдай болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыс жүрігізілетінін хабарлаймыз.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 140-бабының 2-ші бөлімімен тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір кешенді тергеу амалдары басталды. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның куәгерлері мен қатысушыларынан жан-жақты жауаптар алынуда.

Полицейлер балабақшадағы барлық бейнебақылау камераларын қарап, бұған дейін мұндай жағдай болған-болмағанын анықтап жатыр.