Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның бүтін бір облысы «Күнделік» жүйесінен бас тартты

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2024
  • 348

Қостанай облысының барлық мектебі жаңа оқу жылынан бастап «BilimClass» электронды журналы және күнделігімен жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық білім басқармасы осылайша жарнама мен ақылы қызметтерден арылып, бюджет ақшасын үнемдемек.

«Мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға ыңғайлы болу үшін және цифрлық ресурстар мен мүмкіндіктерді барынша көбірек ұсыну үшін, жарнама мен ақылы функцияларды алып тастау, сондай-ақ бюджет қаражатын үнемдеу үшін 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қостанай облысының барлық жалпы білім беру ұйымында «BilimClass» күнделігі мен электронды журналының модулі енгізіледі. Қостанай облысының Білім басқармасы мен «Bilim Land» ЖШС арасында биыл шілде айында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», - деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

«BilimClass» жүйесіне ауысқан мектептерге мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін тегін цифрлық ресурстар ұсынылады. Аудандық және облыстық деңгейде мектептер, сыныптар және пәндер бойынша білім сапасын бақылауға мүмкіндік болады. «Күнделік» жүйесінен шығарылғаннан кейін және BilimClass-қа деректерді автоматты түрде жүктегеннен кейін құжаттарды қоймада тегін сақтау мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар, Bilimcenter.kz модулі тегін болады. Цифрлық портал халықаралық зерттеулерге (PISA, TIMSS, PIRLS, МОДО) дайындық кезінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және бағалауға арналған.

Оқу-ағарту министрлігі «әр облыс қай платформамен жұмыс істейтінін өздері шешетінін» нақтылады.

Жалпы елімізде «Күнделіктің» жұмысына қатысты сын жиі айтылады. Мәселен, былтыр мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "Күнделік" электронды жүйесінде балалардың жеке деректері ұрлануы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Депутаттың айтуынша, "Күнделік" жүйесі бізге "Ескі Қазақстаннан" мұра болып қалған, оны барлық мектепке күштеп енгізген. Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар жағымсыз жарнама көруге мәжбүр. Оған қоса, мемлекеттен қыруар қаржы кетіп жатқан көрінеді.