Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жалғыз тұратын 80 жастағы әженің үйі қоқысханаға айналған

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2024
  • 251

Шымкенттегі көпқабатты үйдің екі бөлмелі пәтері қоқысханаға айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нәжіс пен тарақан қаптаған үйде 80 жастағы қария тұрады. Көршілері бүкіл подьезді жайлаған сасық иіс арасында өмір сүру мүмкін емес дейді. Олар әкімдікті де талай шақырған. Алайда қаланың қақ ортасындағы баспана былығына бет бұрар бірде бір шенеунік табылмады дейді.

Кейінгі үш жылдан бері Республика даңғылы №31 үй тұрғындарынан маза кеткен. Өйткені мұндағы пәтерлердің бірі санитарлық талапқа мүлде сай келмейді. Есігі де жабылмай, қараусыз қалған баспанада 80 жастағы қария тұрады. Құрт-құмырсқаға таланған әженің жағдайына көршілерінен өзге алаңдайтын ешкім жоқ.

Жалғызбасты зейнеткердің үлкен ұлы қайтыс болып, екіншісі ішімдікке салынған дейді көршілері. Үй құжаттары мен зейнетақы түсетін карточкасы немересінің қолында екен. Үй тұрғындары мәселені айтып, әкімдікке де бірнеше рет хабарластық дейді. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.

"Әкімдікті бір емес, екі рет шақырдық. Бірақ келтіре алмадық. Міне деді, әне деді. Кешегіде де бір кісіге звондадық. “Ойбай, біз келеміз-келеміз” деді. Бірақ мен өзім қайтып көрген жоқпын. Полицей келді. Әкімдікке жолдадым деді. Бірақ одан қолдау көрсетіп жатқан ешкімді көрмедім", – деді қарияның көршісі Зәуре Букенова.

Қарияның үйінде қазір қаптаған тарақан көрші пәтерлерге өтіп, қолқаны қапқан иістен жүріп-тұру мүмкін болмай барады. Нәжіс пен ашыған тамақ арасында жатқан әжейдің нәр татпағанына да үш күн өтіпті. Қараусыз қалған қария жағдайына енді ғана назар салған әкімдік өкілдері болса мәселені көп ұзамай шешеміз деп сендіріп бақты.

 "Үйін зерделеуді жүргізу барысында пәтердің санитарлық нормаға сәйкес еместігі анықталды. Осы бойынша аудандық коммуналдық мекемелер тарапынан тиісті мамандар бөлініп, пәтердің тазалық жұмыстары толық атқарылады", – деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудан әкім аппараты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Бақтияр Салиев.

Әкімдік өкілдері қария қарттар үйіне баруға келіскенін айтады. Ол үшін бұған дейін зағип зейнеткерге құжат реттеуді тапсырған дәрігерлер бұл жолы көмекке өздері келіпті.