Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектептердің 87% жылу маусымына дайын емес

Жылыту маусымының басталуына небәрі 1 ай қалды. Соған қарамастан дайындық қарқыны төмен. 6 өңір қақаған қыста жылусыз қалуы мүмкін. Өйткені көмір қорын дайындап үлгермей жатыр. Негізі бізге 8,6 млн тонна отын қажет. Оның 2,3 млн тоннасы коммуналық тұрмыстық қажеттілікке кетсе, 6,3 млн тоннасы халыққа керек. Дайындық басталғалы оның тек 1 млн-ы жеткізілген.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Атап айтқанда: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында, көмірді дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. Қазақстан темір жолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет.

Білім беру нысандарында да жұмыс аяқталмаған. Мектептердің 87 проценті жылыту маусымына дайын емес. Денсаулық сақтау объектілеріндегі жағдай да осыған ұқсас. О баста республика бойынша 546 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған еді. Бірақ оның тек 65% орындалды. Қалғанының қашан бітерін басшылардың өздері де білмейді. Оны былай қойғанда, Шымкент, Маңғыстау облысы мен Абай өңірінде тірліктің 50 пайызы да іске аспапты. Осыдан кейін болар, Үкімет басшысы бүгін ашулы. Мәселе тез реттелмесе, қатаң шара қолданылмақ.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы.

Үкімет басшысы Энергетика, Өнеркәсіп министрі мен әкімдерге жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Енді білім беру объектілері 1 қыркүйекке дейін, ал денсаулық сақтау мекЕмелері мен тұрғын үйлердегі дайындық 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Бұл жұмыс уақытында істелмесе, басшылар жауапқа тартылады.