«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында Ордабасы өңірінде жалпыаудандық сенбілік өтті. Тазалық акциясына аудан ардагерлері, қоғамдық ұйым жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ауыл әкімдері, мекеме қызметкерлері, жастар мен ауыл азаматтары біркісідей қатысты. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылына жиналғандар орталық көшелер мен саябақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Он ауылдық округтен арнайы келген көпшілік көше көшеге түсіп, қаулай өскен шөптерді отады. Иригация жүйелеріне жиналған қоқыстарды шығарып, аяқ жолдарға дейін сыпырып шықты. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұталарды қырқып, реттеу жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 500-ге жуық адам мен арнайы техника жұмылдырылды. 15 тоннаға жуық күл-қоқыс жиналды.
Айшабибі АЙЫМБЕТОВА, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ата-бабамыз айтқан ғой: тазалық-женсаулық кепілі – деп. Еліміз, жеріміз таза болса, ауамыз таза болса өсіп келе жатқан ұрпақ та дені сау болып өседі. Сондықтан біз осы сенбілікке өзіміздің шамамыз келгенше көмектесіп жатырмыз. Тек тазалап кету емес мақсат...мына өсіп жатқан балалар көрсін. Ертең ол балалар не көрсе соны істейді ғой..
Бостандық ЖӘКЕЙ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ауылымыз таза болса, ауданымыз таза болса бүкіл еліміз Қазақстан таза болады. Таза болғаны өзімізге, келешек ұрпаққа жақсы. Бір күндік, бір мезеттік акция емес -бұл. Жыл он екі ай,.. ертең күз келеді. Ағаштар қурайды, жапырақтар түседі. Оның бәрін тазалауымыз керек. Қыста да бұл жұмысты істеуіміз керек.