Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа жоба: заңсыз сатылған ұялы телефондар «қара» тізімге енгізіледі

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2024
  • 300

Елімізде 3,7 миллион ұялы телефонның IMEI-коды қайталанады. Көшірме құрылғылардың көбі Қазақстанға заңсыз жолмен шетелден әкелінген. Дабыл қаққан мамандар заң бұзғандардың бюджетке 100 миллиард теңге залал келтіргенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа жоба әзірлепті. Ұялы телефондарды «ақ, сұр» және «қара» тізімге жіктеу ұсынылып отыр.

Ұялы телефоныңыз сенімді дүкеннен сатып алынса, үрейленудің қажеті жоқ. Себебі жеке сәйкестендіру коды расталған, қайталанбайтын құрылғы «ақ» тізімге енгізіледі. Ал ақпараттық жүйеде дерегі табылмай, күдікке ілінген ұялы телефон бірден «сұр» топқа қосылып, байланыс операторлары арқылы оның иесіне ескерту хабарлама да жіберілетін көрінеді.

– Тұтынушыға 30 күндік мерзім беріледі. Осы мерзімнің ішінде құрылғыны сатып алу туралы деректерді ақпараттық жүйеге енгізуі керек. Егер телефонды заңды алғанын дәлелдейтін құжаты болса, ол автоматты түрде «ақ» тізімге жазылады, – деді ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитеті сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы Азамат Серіктаев.

Ал егер ұялы телефонның дайындаушы зауыт берген сәйкестендіру коды жоқ екені анықталса, дұрыс емес болса немесе өзгертілсе «қара» тізімге енгізіледі. Байланыс қызметі де көрсетілмейді, бұғатталады.

– Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 25 миллион 600 мыңнан астам ұялы байланыс абоненті тіркелген. Жобаның мақсаты –тұтынушыларды сапалы тауармен қамту, – деді ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитеті сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы Азамат Серіктаев.

Сондай-ақ сарапшылардың сөзінше, жаңа жоба заңсыз жолмен елге келген ұялы телефондарды бұғаттап қана қоймай, кеден және салық төлемі арқылы мемлекет бюджетін сақтауға септігін тигізбек. Полиция қызметкерлері үшін де өзгерістің берері мол. Қолды болған телефонды табу жеңілдей түспек. Ал ресми дерекке сүйенсек, биыл Алматыда телефон ұрлау фактілері 37 пайызға төмендеген. Десе де, сала қызметкерлері күзде қалаға студенттер оралып, оқушылардың мектепке қоғамдық көлікпен қатынауы жиілей бастағанда қауіп арта түсуі мүмкін екенін айтты.

– Биыл 1200 ұялы телефон ұрланды. Былтыр 2500-ден құрылығы 7 айдың ішінде ұрланған болатын. Алдын ала профилактикалық шараларды өткізіп жатырмыз. Егер ұялы телефон ұрланса, азаматтар 102 пультіне хабарласуы керек, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал «Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын бекіту туралы» құжат «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына 16 тамызда енгізілген. Жаңа жоба 2 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.