Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да «Жер аманаты» жобасы 150% орындалған

Алматы, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының шаруалары мал жаятын жер таппай жүр. Өйткені осы аймақтарда миллиондаған гектар жер кезінде заңсыз беріліпті. Ендігі міндет - ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жерлерді ауылдағы шаруаларға кері қайтару. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек оралдық шаруалармен кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Бәйтерек пен Тасқала аудандары тұрғындары мал бағатын жер жетпейтінін жасырмады.

Нұртай ЖҰМАШЕВ, КӘСІПКЕР:

Жерді сату көбейіп кетті. Мысалы, мына азаматша жерді алады қожалық қылып. Жер алғаннан кейін бұл кісі ТОО-ға айналдырады. ТОО-ға айналғаннан кейін емшек емген бұзауы бар сияқты манағы жер ТОО-ның атында болады. Сосын мен алам да, оған мүше болып кірем. Екеуміз бірдей учредительміз. Сосын бұл кісіден мен сатып алам, бұл шығып кетеді. Манағы жер автоматом маған қалып қойды. Әңгіме солай, жасырын түрде сатылып тұр ғой. Вот, соны тоқтату керекпіз. Жерлер алынып жатыр, ар жағындағы иесін білмейсің кім екенін.

Биыл өңірде «Жер аманаты» жобасы бойынша пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған 50 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері бұл 150 пайызға орындалыпты. Әрбір ауданда көшпелі жиын өткен, 150 мың гектар жер кері қайтарылды.

Бақытжан БАЗАРБЕК,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "ЖЕР АМАНАТЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2014-2023 жылдар аралығында БҚО бойынша менің алған ақпаратым бойынша 3 миллион гектар жерге дейін заңсыз, конкурссыз беріп тастаған. 3 миллион гектар! Сол бойынша Жер ресурстарын басару комитеті және департаменті тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.

Соңғы екі жылда елімізде 11 миллион 500 мың гектар игерілмеген жер мемлекетке қайтарылған. Бақытжан Базарбек келер жылға дейін тағы 15 миллион гектар жер қайтарылатынын жеткізді.