Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық азамат полицейден таяқ жегенін айтып шағымданды

"Полицей тепкілеп тастады". Атырау облысы Қызылқоға ауданының азаматы учаскелік полицейден таяқ жегенін айтып шағымданды. "Соққыдан денсаулығыма зақым келіп, жұмысқа шыға алмай отырмын",- дейді. Арада бір айдан астам уақыт өтсе де, тергеу дұрыс жүрмей жатыр деп отыр. Полиция департаментіндегілер бұған не дейді? Тілшіміз жалғастырады.

Оқиға өткен айдың 13-і күні ортақ танысының туған күнінен шыққан соң түн ортасында болған. Полиция қызметкері үйіне барып, қызметтік киім киіп, көлігін мініп келіп, тиісті,- дейді Бекет Басанбаев. Жігіттер арасындағы дау барысында Бекет полиция көлігінің артқы терезесіне тас лақтырып, сындырып қойған. Келесі күні көлікті жөндетуге 100 мың теңге ақша да аударып, келісімге келгендей болған едік. Бірақ учаскелік полицей қой бағып жүрген кезде келіп, әбден соққыға жықты,- дейді. Ол айдалада 20 минуттай ес-түссіз жатып қалған.

Бекет БАСАНБАЕВ, ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ:

Маған аттан түс деп айтты. Аттан түстім. Жабысты қолыма, қолымды қайырып, жерге лақтырған кезде кешегі лобовойды сындырғаныңды мойындайсың ба деп айтты. Мойындаймын дедім. Нариман келді. 15і күні келіп кешірім сұрап кетті. Бұзаулы сиыр, 500 мың ақшаңды беремін деп. Кешірім бере алмаймын, денсаулығымды көріп тұрсың ғо дедім.

Содан бері бүйректен алған соққыдан бой түзей алмай жүрмін,-дейді Бекет Басанбаев . Көптен күтіп жүрген жұмысқа шақырту алып, шыға алмай отырғанын айтады. Тіпті жүріп-тұруым мұң дейді. Полицейлер істі тергеудің орнына, жылы жапқысы келеді,- деп отыр туыстары.

Кенже БОРАНҒАЛИҚЫЗЫ, ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ:

Департаментке алдында келіп кеттім. Өзім қолыммен арыз жазып кеттім. Оразбаевқа 18і күні жазып кеткен әлі дым қаралмаған. 20сы күні мен талап еттім. Неге бұл қаралмай жатыр. Оның үстіне қызметкер жасаған қылмысты қалай тергемейді?

Полиция департаментіндегілер тергеу жүріп жатқанын айтты. Учаскелік полицей бұл салада 2018 жылдан бері еңбек етеді екен.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған дерекке байланысты Қызылқоға аудандық Полиция бөлімінің қызметкеріне қатысты «Биліктің немесе лауазымдылық өкілеттіліктерін асыра пайдалану» дерегі бойынша қылмыстық іс көтеріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалған. Қазіргі таңда тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.

Ал соққы алған жігіттің туыстары іс әділ тергеліп, полицей жазасын алсын,- деп отыр.