Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазір көлікті жалға алып, оны сатып жіберетіндер көбейген

Иә, жол ережесін бұзатындардың арасында әртүрлі адам бар. Бірі – ішімдікке сылқия тойса, енді бірінің құжаты жоқ. Бір парақ қағазсыз рөлге отыратындардың дені - көлікті жалға алғандар. Олар ережені бұзып қана қоймай, уақытша алған тұлпарын сатып жібереді. Не заңнан, не теміртұлпар иесінен қорықпайды. Алаяқтардың схемасы оп-оңай. Алдымен өзгенің машинасын бір күнге меншіктейді. Арзан бағаға сатуға шығарып, әп-сәтте «клиент» табады. Құжаттарды кейін рәсімдейміз деп, артынша үшті-күйлі жоғалады. Соңында бармақ тістеп қалатын - сатып алған азамат пен жалға беруші. Соған қарамастан осы кәсіппен айналысып жүргендер көп. Олар нені ескеру керек? Аружан Задабек тақырыпты зерттеді. 

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Астанада қазір бір жербен бір жерге жету мұң. Такси қымбат, аспандағы айды сұрайды. Мұндайда өз көлігің болмаса, жалға берілетін теміртұлпарлар – таптырмас шешім. Күніне 10 мың теңге төлейсің. Қайда барасың, өз еркің! Тек осылай соғып алмасаң болғаны.

Аслан Құлмағамбетов – 2 баланың әкесі. Жұбайы осыдан 3 жыл бұрын қайтыс болған. Үйдегі бас-көз өзі болғаннан кейін кез-келген жұмысты істей алмайды. Қазір нәпақасын такси қызметінен табады. Оның өзі өз көлігі емес. Өзгеден жалға алады. Күніне 20 мың тапсам, оның 10 мыңы – теміртұлпар иесіне, 5 мыңы – бензинге кетеді, - дейді. Қолда қалатыны 4-5 мыңның айналасы.

Аслан ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Телефон арқылы звондап, барып білдім. Адресін айтты. Юговосток микрорайонында екен офистары. Сол барған кезде 3-4 қағаз берген, договор. Сол договорға қол қойып, машинаны полный тексеріп берді ішін, сыртын, түгел. Қайсысы істейді, қайсысы істемейді. Келісім шартқа қол қойып алдым машинаны.

Аслан Құлмағамбетов секілді темір тұлпарды жалға алатындар көп. Былтыр жеңіл автокөлікті жалға беру көлемі 70 млрд теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 процентке көп.

ҚР ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫ:

Көлік түрлері арасында жалға беру қызметтерінің ең көп көлемі жүк көлігіне тиесілі. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша, жүк автомобильдерін жалға беру көлемі 73,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 47,7% артық.

Көлікті алудың өз талабы бар.Бірақ, қатып қалған заңдылық жоқ. Әркім өзінше шарт қояды. Біреуіне тоқталайық.

Бірінші шарт – азамат 19 жастан асуы тиіс. Көлік жүргізу тәжірибесі 1 жылдан кем болмағаны жөн. Бір тәулікте тек 200 шақырым жол жүруіне рұқсат. Кез-келген жанармай түрін пайдалануға болмайды.

Жандос ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Көбісі техпаспортпен бере салады. Ол страховкаға өзін қосады, тағы 5 адамды қосады. Содан кейін автокөлік кімде екендігін анықтау қиындық тудырады. Сол себептен жалға берушіге де, жалға алушыға да автокөлікті келісім шарт арқылы беру абзал.

Көлікті жалға беру – жақсы табыс әкелетін кәсіп. Осыған қызығып, заңсыз жұмыс істейтіндедер көбейді. Олар не мемлекетке салық төлемейді, не қызметін заңдастырмайды.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Көлікті жалға беретіндерге осы қаланың шеңберінен шықпай қызмет жасау үшін GPS навигатор деген арнайы құрылғы бар, соны орнатады. Соны орнатқан кезде азаматтар салық төлеу органдарынан тіркеуге отырмай, жұмыс істейтін болса , бірақ GPS навигатор болатын болса сол арқылы бақылауда ұстауымызға болады.

Соңғы 10 жылда бұл сала қарқынды түрде дамыды. Әлемнің мыңнан аса қаласында бар. Ал, Қазақстанға келгеніне бар-жоғы 4 жыл болды. Соның өзінде танымал болып үлгерген. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент қаласында көлікті жалға алу қалыпты жағдайға айналды.

КӨЛІКТІ ЖАЛҒА АЛУ

1. 19 жастан асқан;

2. 1 жыл көлік жүргізу тәжірибесі бар;

3. Күніне 200 шақырым жол;

4. 95 маркалы жанармай қолдану.