Русский Сайттың толық нұсқасы

«Зерттеу ядролық реакторында 57 жылдан бері оқыс оқиға болған емес», - сарапшы

Қазақстанда қазірдің өзінде энергия тапшылығы байқалады. 10 жылдан кейінгі жағдай, тіпті, қиындай түсуі мүмкін. Мәселе осы бастан шешілмесе, электр энергиясын қыруар қаржыға сатып алуға мәжбүр боламыз. Мұның экономикаға қалай кері әсер тигізері айтпаса да түсінікті. Бұл проблема бізде ғана емес. Біраз елдің бас ауруына айналған. Ол мемлекеттер дер кезінде АЭС салып, шешімін тапты. Қазір әлімнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді.

Үкімет Атом Электр Станциясын салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады. Толығырақ Аружан Задабек жеткізеді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркия. Дәл қазір 15 мемлекетте 61 атом станциясының құрылысы жүріп жатыр. Олардың мақсаты бір – энергия тапшылығынан құтылу. Бұл бізге де таныс мәселе. 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну сағатына 152 млрд квт болуы мүмкін. 10 жылдың ішінде энергия көзін өндіретін орындардың тозатынын ескерсек, бұл мақсатты орындаймыз деп айту қиын. Бұл қарапайым тілмен айтқанда жарықсыз, жылусыз қалуымыз ғайып емес дегенді білдіреді.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазір АЭС-ке балама жоқ. Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажет жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Пайданың болғаны жақсы, бірақ қауіпсіздікке алаңдаймыз,- дейді кейбір азаматтар. Сарапшылардың бұған өз жауабы бар. Елде салынуы жоспарланып отқан АЭС типі алғаш 1957 жылы іске қосылған еді. Содан бері 67 жыл өтті, оқыс оқиға болған емес. Тағы бір мысал. Зерттеу ядролық реакторының жанында Алатау шағын ауданы орналасқан. 80-жылдардың басында ондағы тұрғындардың саны 4 мың еді. Қазір шағын ауданның халқы 15 мыңнан асады..

Саябек САХИЕВ, ҚР ЭМ «ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫ» ШЖҚ РМК БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің Институт базасында осындай зерттеу ядролық реакторы 57 жылдан бері жұмыс келеді. Осы жылдар ішінде үш ұрпақтан астам ғалымдар мен инженерлер ауысты. Осы уақыт аралығында бірде-бір оқыс оқиға тіркелген жоқ. Біз бұл реакторлардың ең қауіпсіз түрі екенін растаймыз.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Атом электр станциясы салынды делік. Онда жұмыс істейтін кадрларды даярлап үлгереміз бе? Елімізде қазір 3 орталық бар. Олар орта есеппен 5 мың маман дайындайды. Ал атом электр стансасына бар-жоғы 1 400 ғана қызметкер қажет.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл саланың перспективасы зор екені анық. Бізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып табылмақ. Әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Атом электр стансасы дегенде жұрттың қорқатыны – қалдықтар. Мысалы, жылу электр орталығынан шыққан күлді қайтадан қолдануға болмайды. Ал АЭС қалдықтарын болашақта жаңа АЭС түрлеріне қолдануға рұқсат. Сондықтан сарапшылар алаңдауға негіз жоқ дейді. Сонымен, Үкімет Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу туралы жарлығы жөнінде қаулы қабылдады. Құжат Президент әкімшілігіне жіберілді.