Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазғы Париж Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде осылай деді. Саладағы кемшіліктерді сүзгіден өткізіп, реформаның қажеттілігін тілге тиік етті. Шарада ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді жеңіспен құттықтап, мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент басқосуда чемпиондарға құрмет көрсетті. Ең алдымен Олимпиада жеңімпазы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз.
ЕЛДОС СМЕТОВ, ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:
Париж олипиадасы ойынында дзюдоның тарихындағы алтынды алсам деген арманым бар еді сол арманға сіздің және халықтың қолдауының арқасында жеттім деп білемін.
Сонымен қатар төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға да алғыс айтты. Әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙ, ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:
Париж қаласында өткен Олимпиада ойындарындаөнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрама спортшыларының атынан алғыс айтам. Біздің жеңісіміздің артында бүкіл халықтың, мемлекеттің қолдауы мен сенімі тұрғаны анық.
ЛЕ АЛЕКСАНДРА, ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші кезекте барша Қазақ халқына және сізге алғысымды білдіремін. Париж төрінде Қазақстанның намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Медальді жеңіп алу үшін біз үздіксіз және тыңғылықты дайындалдық.
Төрт жылдықтың төрінен көріну әрбір спортшының арманы. Сол жолда қаншама адам тер төгеді. Қыруар қаржы бөлінеді. Прзедиент соңғы бес жылдықтағы шығынның екі есе өскенін айтып, бірақ нәтиже болмағанын сынға алды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды.
Бас ауыртпағаны анық. Шетелдік спортшылар айды аспанға шығарады деп қатты сенсе керек. Ойлағандары болмады. Легионерлер жерге қаратты. Президент бұл тәжірибемен ұзаққа шаппайтынымызды аңғарды, саланы тізгіндегендерді тезге салды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн.
Расында нағыз таланттар тасада қалып жатыр. Елдегі іріктеу сындарында әділдік жоқтығының көрінісі. Президент спортшылар тек жеңісті ойлау үшін осы жүйені жөнге келтіру қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету керек екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін.
Жиын соңында Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі.