Русский Сайттың толық нұсқасы

Түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтар жұмыс табу мүмкіндігіне ие болмақ

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2017
  • 3440

Павлодарда түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтар жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды. Өңірде сотталушыларды әлеуметтік бейімдеуге негізделген арнайы жоба қолға алынған. Оған сәйкес бас бостандығынан айрылғандарға вакансиялар тізімі ұсынылып, кәсіп таңдау мүмкіндігі беріледі.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қатаң тәртіптегі АП-162/4 колониясынан бүгін төрт азамат бостандыққа шыққалы отыр. Олар үшін жаңа өмір бастау оңай емес. Туыс-туғандардың қолдауы маңызды, әрине. Дегенмен, басты фактор - еркіндікке шыққан соң тұрақты жұмыс табу, - дейді сотталғандар.  

Данияр Жармұхамедов, жазасын өтеуші:

Мен шыққаннан кейін үй-ішіме оралғым келеді. Екіншіден, жұмыс істеп, үйімді жеткізіп, кішкентай қызымыз бар, қызымызды аяққа көтеріп, оқытып, болашақта көп пландар бар.

Биыл колониядан 56 адам бостандыққа шығады деп күтілуде. Түрме басшылығының ақпарынша, олардың 5 пайызы - жоғары білімді, қалғандарының кәсіби мамандығы бар. Дипломы жоқтарға түзету мекемесінде білім алуға мүмкіндік жасалған. Сотталғандар колония қабырғасындағы колледжде автоэлектрик және сантехник мамандығын оқып шығады.

Тойғанбек Теміржанов, Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі:

Егер кәсіби мамандығы болмаса, біз оларды қайта оқытамыз. Таңдаған мамандығын алуға көмектесеміз. Бізде қазір 30-ға жуық мамандық бар. Барлығы да еңбек нарығында сұранысқа ие. Мәселен, газ-электр дәнекерлеуші, электромонтерлер мен құрылысшылар.

Бүгінгі шараға дәрігерлер, заңгерлер мен прокуратура өкілдері де қатысты. Әр сотталушымен жеке кездесіп, түрлі бағыттар бойынша ақыл-кеңестерін берді. Жазасын өтеп шыққандар әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Олар үшін маңыздысы - қоғамға бейімделу, қоршаған ортамен қарым-қатынасты қайта орнату және екі қолға бір күрек табу. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының ақпарынша, қолданыстағы заңға сәйкес жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлерінің 1 пайызын бұрынғы сотталғандармен толтыруы тиіс. Сондықтан «түрмеде отырғансың» деп жұмысқа қабылданбай қалған әр азамат қадағалау органдарына шағымдана алады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ