Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда жыл басынан бері 2800-ден астам адам қоғамдық орында мас жүрген

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2024
  • 310

Атырауда 7 айда 8 мың 794 литр алкоголь өнімі лицензиясыз сатылған. Ал 2800-ден астам адам қоғамдық орында мас жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында үш мәселе қаралды. Біріншісі – мас күйде жасалатын қылмыс деңгейін төмендету, екіншісі – қайталанатын құқық бұзышылықтардың алдын алу, үшіншісі – сыбайлас жемқорлықты болдырмау.

Атырау облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, түнгі мезгілде тіркелетін қылмыстың басым бөлігі мас күйде жасалады.

«Биыл 106 қылмыс тіркелді. Қылмыстың дені түнде жасалады. Бұған спирттік ішімдіктерді сату уақытына қойылатын талаптың сақталмауы себеп болып отыр. Жүргізуші куәлігінен айырылса да масаң күйде көлік рульіне отырған 19 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері қоғамдық орындар мен көшелерде 2893 адам алкогольді ішімдік ішкені үшін ұсталды. Олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабымен әкімшілік жаза қолданылды», - дейді Ерлан Биғамбаев.

Оның айтуына қарағанда, ішімдікке құмарлықтың кесірінен кейбір отбасыларда тұрмыстық кикілжің туындайды. Сот қаулысымен отбасының шырқын бұзған 459 адамға ерекше талап қойылды. Ал, 322-ға алколгольді ішімдік ішуге тыйым салынған.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаевтың дерегіне сүйенсек, соңғы 7 айда 8 мың 794 литр алкоголь өнімі лицензиясыз сатылған. Қазір арақ-шарапты заңсыз саудалаушылар анықталып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтың пікірінше, Атырау қаласының «Вокзал маңы» шағын ауданындағы мейрамханаларға қатаң бақылау жүргізілуі қажет. Өйткені, комиссия мүшелері аталған шағын ауданда мас адамдардың тарапынан құқық бұзушылық пен тәртіпсіздіктің жиі тіркелетінін алға тартып отыр.

Ал, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін әкімдікке қарасты салаларда «бұлтты бухгалтерия» жүйесіне көшуі керек. Бұл қаржылық операцияны онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Алайда, мұндай форматқа тек облыстық білім басқармасының бухгалтериясы ғана көшкен.