Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұражайда бала 3500 жыл бұрын жасалған құмыраны абайсызда сындырып алды

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2024
  • 285

Израильда анасымен бірге Хайфа университетіндегі Гехт мұражайына барған бес жасар бала абайсызда 3500 жыл бұрын жасалған керамикалық ыдысты сындырып алды. Бұл құнды жәдігерді археологтар Самариядан тапқан. Ол 35 жыл бойы мұражай залында – ашық стендте, қорғаныш әйнегінсіз сақталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.co.il басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

27 тамызда мұражай директоры доктор Инбаль Ривлин оқиғаның экскурсия кезінде болғанын айтты.

"Ыдыс сынған кезде, бала мен оның анасы қорыққанынан мұражайдан лезде шығып кеткен. Олар бізге хабарлассын. Қорқатын ештеңе жоқ, себебі біздің ешбір шағымымыз жоқ. Мұражайда мұндай жағдайлар сирек болады. Сынған ыдысты қайта қалпына келтіріп, көрмеге қайтарамыз", – деді Ривлин.

Мұражай директоры жәдігердің неліктен қорғаныш әйнегінсіз тұрғанын түсіндірді.

"Өте сирек кездесетін жәдігер болған соң, оны келушілерден оқшаулағымыз келмеді. Бұл шешім оның негізін қалаушы доктор Реувен Гехт ұсынған мұражайдың қағидаларына сәйкес келеді. Мұражай – кесене немесе қабір емес. Адамдар көп келетін, белсенді тарихи орын”, – деді Ривлин.

Доктор Ривлин ата-ана балаларын мұражайға баруға дайындап, оларға ешбір жәдігерге қол тигізуге болмайтынын түсіндіру керек екенін айтты.

“Ата-ана жәдігерлердің тиісті белгімен жабдықталғанын түсіндіруі керек. Жақында Гехт мұражайында мұндай экспонаттар көбейеді. Сол кезде “ұстауға болады" деген белгі пайда болады. Баланың дамуы үшін әдеттен тыс заттармен физикалық байланыс маңызды. Ал мұражайдың міндеті – осы дамуға ықпал ету. Мұражайға кіру тегін”, – деді доктор Ривлин.