Русский Сайттың толық нұсқасы

Такси қызметі бір жылда 13% қымбаттады

Астанада такси жүргізушісі баланы ұрып жіберген. Бұл туралы Нұрила есімді желі қолданушысы айтты. Оның баласы абайсызда орындықты ластаған. Бірақ ол үшін кешірім сұрадым, - дейді. Тіпті көліктің ішін майлықпен сүртіп, тазалаған. Соған қарамастан жүргізуші кішкентай бүлдіршінді шынтағымен бір қойған. Такси қызметкерлеріне қатысты шағым осы ғана емес. Бұған дейін де талай оқиғаның куәсі болдық. Сонда да бағасы қымбат. 5 минуттық жерге «атасының құнын» сұрайды. Неге? Толығырақ әріптесім Аружан Задабектің сюжетінде.

Балам такси қызметкерінен таяқ жеді деген Нұрила бұл туралы әлеуметтік желіде жазған. Оқиға 23 тамыз күні болды. Орындықты байқамай бүлдіріп қойған баласын таксист итеріп, шынтағымен бетінен ұрып, айғайлаған. Қазір полицейлер мән-жайды тексеріп жатыр.

АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

102 арнасына такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал туралы хабар келіп түскен. Тексеру барысында жанжал жолаушының кәмелетке толмаған баласының көлік салонын ластағанынан басталғаны анықталды. Сөзге келісіп қалған соң тараптар одан әрі іс жүргізу үшін Нұра ауданының полиция басқармасына жеткізіліп, өзара келісімге келген.

Такси қызметкерлеріне қатысты шағым бұл ғана емес. Тізетін болсақ, таусылмайды. Соған қарамастан бағасы аспандап барады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Түкірсең түкірігің жететін жерге аспандағы айды сұрайтындар көп. Олар қымсындай-ақ қалтаңды қағып алады. Қазақстанда такси қызметі бір жылда 13 процентке қымбаттаған. Көлік жүргізішілері 1 км үшін, шамамен, 304 теңге сұрайды. Осыдан-ақ елде бұл қызметтің тым қымбат екенін байқаймыз. Статистика да соны дәлелдеп тұр. 96 елдің ішінде 21-орында тұрмыз.

ТМД елдеріндегі қалалар арасында ең қымбат тариф қазір Алматыда. Мұнда такси құны бір жылда 36,9 процентке көтерілген. Баға Шымкент қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Ақмола облысында да өскен.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мына жерден анау Түркістан 4 деген жерге дейін 3500 теңге болған. 3000 теңгеге Меркіден Таразға барасың ғой.
- Бізде ауылда бір шеттен екінші жерге 500-1000 теңге алады. Ал мұнда 3000-4000 теңгеден жоғары. Ел-жұрттың қалтасы ондайды көтермейді.
- Особенно левый мен правыйдың арасында жаңбыр жауған, погодаға қарай көтеріліп тұрады ғой.

 Бағаның қымбаттағанын такси жүргізушілері де мойындайды. Бегімхан Айдарбеков қала аралап, жолаушы тасымалдау қызметімен айналысып келе жатқанына 5 жыл болды. Күніне 12 сағатқа дейін көлік тізгінінде.

БЕГІМХАН АЙДАРБЕКОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бұл жақта қымбат иә басқа қалаларға қарағанда и Алматыда. Көпшілікмен жұмыс істеу де қиын ғой бір жағы. Біреуі ішіп алған болады, біреуі басқа болады. Енді сондай кездерде көпшілікпен өзімізді ұстап, көпшіліктің тілін тауып, шамалы жарасамыз.

Жарты жылдың ішінде 40 миллионға жуық жолаушы такси қызметін пайдаланған. Бұл өткен жылға қарағанда 36 процентке артық. Таксиге мінетіндердің көбі Батыс Қазақстанда тұрады. Бұл тізімде Астана мен Алматы қаласының тұрғындары да бар.

Енді осыдан-ақ жүргізушілерге түсетін пайданы ойлай беріңіз. Сол үшін экономистер таксистерге салық төлеуді міндеттеу тиіс дейді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазіргі уақытта мынау Индрайвер дейміз, Яндекс дейміз, осындай қосымшалар бар. Жалпы олар бұрыңғыдай көшеде қол көтеріп тұрған азаматты алмайды ғой. Олар Индрайвермен шақырып отқан, Яндекспен. Осы қосымшаларды да салық органдарымен байланыстыруымыз керек. Яғни қанша адам такси қызметін пайдаланушы болып тиіркелді, міне, солармен жеке-жеке жұмыс жасалуы керек.

Әлем бойынша ең арзан тариф Үндістанда. Новосибирск пен Бішкекте де айтарлықтай қымбат емес.