Русский Сайттың толық нұсқасы

Оқушы ұстайтын сөмкенің салмағы қанша болуы керек – ДСМ жауабы

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2024
  • 352

Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы оқушы балалардың ата-аналарына сабақ барысы кезінде өз ұрпақтарының денсаулығын сақтау және нығайту бойынша бірқатар кеңес беріп, ерекше ұсыныстарымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақ халаттылар оқу жылы басталысымен 4 миллионға жуық оқушы қайтадан партаға отыратынын еске салып, осы ретте ата-аналар балаларының жаңа тәртіпке бейімделіп, сабаққа зейінін аударуына көмектесуі керектігін баса атап өтті.

"Аз қимылдау, гаджеттерді тым көп пайдалану сияқты заманауи сын-қатерлер балалардың денсаулығына теріс әсер етіп, олардың көру қабілетін нашарлатады, бойын тіктеп ұстамау, зейін қоймау мәселелерін туындатып, сонымен қатар ұйқының бұзылуына әкеледі. Оның үстіне көптеген оқушылардың бойында созылмалы аурулары, артық салмақ, тіпті семіздік осы бастан-ақ бар екенін ескеру керек", - дейді Денсаулық сақтау министрлігіндегілер.

Денсаулық сақтау министрлігі және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы оқу жылы ішінде балалардың денсаулығын сақтап, нығайту үшін келесідей шараларды ұсынады:

Күн тәртібін дұрыс құрыңыз. Төменгі сыныптар үшін үй тапсырмасын 1,5-2 сағаттан аспайтын уақыт ішінде, ал жоғары сыныптар үшін 3-4 сағатта әрбір 40 минут сайын үзіліс жасай отырып орындату керек.

Ұйқысының қанық болуы да өте маңызды. 7-10 жастағы балалар үшін 10-11 сағат, 11-14 жастағы балаларға 9-10 сағат, 15-17 жастағы жасөспірімдерге 8-9 сағат ұйқы керек.

Тамақ рационынан зиянды тағамдарды алып тастап, дәрумендер қабылдауын қадағалаңыз. Оқушылар жиі-жиі, яғни күніне 4 рет тамақтануы керек, ал бірінші сынып оқушылары мен спортшылар 5 рет тамақтанғаны жөн. Семіздік қаупін арттырып, басқа да ауруларға бастайтын газдалған сусындар, фаст-фуд, снэктерді жеуін шектеген дұрыс.

Баланың сабақ оқитын орнын дұрыс қойып беріңіз. Сабақ оқитын орнына сырттан да жарық жақсы түсіп, қосымша үйдегі электр жарығы да түсіп тұруы тиіс. Жиһаз баланың бойына сәйкес келіп, биіктігі жағынан реттелетін болуы қажет. Баланың дұрыс отыруына қолайлы орын жасау оның бойын тік ұстамау проблемасын туындатпауға септік етеді.