Русский Сайттың толық нұсқасы

Сырдарияның суы көтеріліп, Қызылорда облысындағы бірқатар аумақтарды су басты

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2017
  • 3179

Қызылорда облысы Қазалы ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы облыстық жұмылдыру даярлығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов айтты. Оның дерегінше, 6 елді мекенге тасқын қаупі төнген. Бүгінде Сырдарияның суы көтеріліп, өңірдегі бірқатар аумақтарды су басты. Басықара су торабында мұз кептеліп, салдарынан үш шақырым жоғарыда орналасқан Балшықсай учаскесіне су жайылған.

15 шақты адам қауіпсіз жерге көшірілді. Артынша Шортай учаскесі маңындағы жеке шаруашылық аймағын су басып, 50-ге тарта ірі қара мал қауіпсіз аймаққа шығарылды. Сырдария жағалауын тікұшақпен бақылаған құтқарушылар Қозықашқан учаскесіне су жайылғанын байқап, сегіз тұрғынды алып шықты. Оның алтауы - бала. Сырқаттанып қалған кішкентайлардың бірі ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бақылау жұмыстарын жалғастыруда.

Серік Сыздықов, Қызылорда облыстық ТЖ департаментінің бөлім бастығы:

Басықара су торабы басында мобильді топ құрылды, үш мобильдік тобымен жұмыс жасап, атқарылды. Мобильді топпен қоса «Казинжиниринг» мекемесімен жару жұмыстары жүргізіліп, мұз кептелісің жару жұмыстары жүргізілді. Содан кейін барлық мұздар әрі қарай  өз ағысымен  ағып кетті. Қазіргі таңда су алу қауіпі елді мекендерге жоқ. Адам шығыны жоқ.