Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен оралдықтар бүгінде жаппай қоныс тойын тойлап жатыр. Саяжайдағы жалғыз үйі суға кеткен 375 отбасыға жаңа шаңырақтың кілті тапсырылды. Жаз бойы эвакуациялық орталықты паналаған тұрғындардың қуанышқа толы қоныс тойынан оралған тілшіміздің материалында толығырақ.
Көктемгі тасқын кезінде Орал қаласының өзінде 14 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалды. Солардың ішінде жалғыз баспанасынан айрылғандар 3 мыңнан асты. Қамыққан тұрғындарды қараусыз қалдырмау туралы Президент пәрмені орындалып, қала іргесіндегі елдімекендерде 375 үй салынды.
КҮЛӘШ МҰХАМБЕТЖАНОВА, ТҰРҒЫН:
Үйіміз суға кетті. Енді мұндай су тасқыны келмесе екен деймін. Халқыма өте алғысым шексіз. Халқымызды бірталай көтеріп тастады. Оған өте ризамыз.
НҰРЖАМАЛ ЕРМЕКОВА, ТҰРҒЫН:
Біздерге үй салып беріп жатыр. Көп-көп рақмет! Қанша қиындықты көрдік. Үйіміз суға кетіп, сонда бәрімізге көмек жасаған Қасым-Жомарт Кемелұлына рақметімді айтамын!
БАҚЫТЖАН КЕРЕЕВ, ТҰРҒЫН:
Үйдің іші өте жақсы, жеке өз басыма өте ұнады. Жайлы, жақсы, таза жаңа үй. Сапалы салынған. Өзім осы салып жатқан кезде басынан аяғына дейін жүрмегеніммен, келіп-кетіп қарап жүрдім құрылыс кезінде. Жақсы, өзімнің көңілімнен шықты. Аллаға шүкір енді. Ең бастысы - баспана. Әр қазаққа бұйырып жатыр. Ең бастысы сол!
Жаңа ықшамауданға айналған жаңа мекенге жол салынып, қажетті инфрақұрылым жүргізілген. Енді балаларға арналған ойын алаңы салынбақ.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысының тапсырмасы тез арада мүмкіндігі болса 1-қыркүйекке дейін салуды тапсырған болатын. Біз өзіміздің уәдемізде тұрдық. Сапасына халық риза болып жатыр. Жаңа бірқатар үйлерге кіріп шықтық. Халықтың өзі де келіп айтып жатыр сапасына ризамыз деп. Біз осы құрылыстарды салып жатқанда сапасына аса назар аудардық.
Үш бөлмелі үйлердің бәрі де стандартқа сай, аумағы -80 шаршы метр. Бұл іске жергілікті 34 компания жұмылдырылыпты. Енді Қаратөбе ауданындағы тасқыннан зардап шеккендерге жаңа үй берілмек.