Русский Сайттың толық нұсқасы

"Азаматтардың табысын арттыру — Үкіметтің басты мақсаты",- О.Бектенов

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба1 қарашаға дейін бекітіледі. Ал жаңа салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында тағы қандай міндеттер пысықталды? Тілші материалында.

Президент Жолдауынан соң үкімет үйі абыр-сабыр күйге түскен. Себебі жаңа меже мен міндет көп. Бірақ уақыт аз. Жиында алдымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр сөз алды. Ол Президент тапсырмасына байланысты іске асуы тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды. Соның бірі - өңірлерге инвестиция тарту. Айта кетейік, инвестициялық штаб жұмысы осыған дейін құны 30 млрд доллар болатын 73 жобаны қараған.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жобалар санын көбейту және оларды сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді үйлестіру бойынша тиісті жұмыс күшейтілетін болады. Ол үшін «инвестицияға тапсырыс» механизмі әзірленді, онда әкімдіктер өңірлердің ерекшелігі мен артықшылықтарын ескере отырып бастама жасайды.

Туристік әлеуетті арттыру ісі де назарда. Роман Склярдың айтуынша, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежайларды дамыту үшін «Қазаэронавигация» компаниясы қаражат бөледі. Сондай-ақ, теміржол тасымалы саласындағы тарифтік саясатты жетілдіру де жалғасады. Бұдан бөлек, биыл жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Онда бюджет қаржысын үнемдеу мен бөлу тетігі қарастырылады.

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, жаңа салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылданады. Инвестициялық тартымдылық, мемлекеттік-жекешілік әріптестік сынды жобаларда шет қалмайды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент тапсырмасын орындау үкіметтің басты міндеті деді. Осы тұста "Әлеуметтік әмиян" жобасы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

2025 жылғы 1 қаңтардан бастапӘлеуметтік әмиянның енгізілуін қамтамасыз етсін. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін Әлеуметтік әмиянға кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімін бекіту керек. Әлеуметтік әмиян тетігін енгізузаңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Бұл жұмысты Цифрландыру және Еңбек министрліктері биылғы жылдың соңына дейін жүргізуі қажет.

Жиында дихандарға субсидия беру мәселесі де пысықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәйтерек холдингімен бірге тікелей субсидия беруден төмендетілген ставкалар бойынша қолжетімді несие беруге біртіндеп көшу механизмін әзірлеу ісі жүктелді.