Жаңа оқу жылы басталса да, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Жаңатаң ауылының оқушылары мектебіне жете алмай отыр. Өйткені төрт айдан бері мектеп автобусын жүргізетін адам табылар емес. Амалы таусылған ата-аналар енді балаларын үйінен онлайн оқытуға мәжбүр.
Жаңатаң ауылында 40 жыл бұрын салынған төртжылдық жалғыз мектептің тозығы жеткен. Бірақ бастауыштағы балалардың басқа барар жері жоқ.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Аядай мектептің іші ұядай. Қазір мұнда 14 оқушы білім алып жатыр. Оқу кабинеттерінің саны небары үшеу. Мысалы, мұнда мұғалімдер бөлмесі. Екі орынға 4 мұғалім амалдап сыйып жүр. Ал мына кабинетте бір емес, үш кластың оқушылары оқып жатыр. 2А, 3А және 4А. Ал мына жерде бастауыш сынып, қазір даярлық тобы екен. Келесі бөлме спортзал, спортзалға кіріп көрейік. Спортзал деген аты дардай болғанымен, ені 3 метр, ұзындығы 5 метр қуықтай ғана бөлме. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол ойналмайтыны анық. Әзірге оқушылар мұнда мысық пен тышқан ойнап амалдап отыр.
БЕКЖАН ИХСАНОВ, ТҰРҒЫН:
70-жылдары өзім бастауышта оқығанда осылай болды. Бір комнытта 2-3 класс оқиды. Содан бері әлі солай болып келе жатыр. Ешқандай өзгеріс жоқ.
Бастауышты тәмамдаған балалар 9 шақырым жердегі Щапов ауылына қатынап оқитын. Бірақ былтырдан бері мектеп автобусына жүргізуші табылар емес. Қатынас қиындағасын, оқушылар үйден оқуға кіріскен. Бірақ онлайн білім алу да оңай емес, ұл-қызымыздың үлгерімі төмендеп кетті дейді ата-аналар.
ГҮЛНАЗ ТНЕШОВА, ТҰРҒЫН:
Балаларға бірінші очередь мектеп салса, бізге қажетті нәрсе. Өзімнің төрт балам бар. Екі балам екі жақта оқып жатыр. Біреуі қалада, біреуі Ақсайда. Мен мына Щаповқа бере алмаймын. Неге десеңіз, мынау международный трасса, мен қорқам балаларымды жіберуге. Газель бірде болса, бірде болмайды. Балшық кезінде газель кірмейді, газель түгілі өзіміз шақ жүреміз.
АИДА ҚҰРМАШЕВА,ТҰРҒЫН:
Водитель бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан балаларымыз көбіне онлайн отырады. Онлайн сабақ дейтін барлығымызға белгілі, балалар өздерімен-өздері, оқылмайды ол сабақ, мұғалім өзі түсіндірмегендіктен ол оқылмайды. Қазір балаларымыздың оқу деңгейі шамалы.
Білім саласының өкілдері бұдан хабардар. Бірақ бала өмірін сеніп тапсыратын әрі жалақысы аз жұмысқа білікті маманды табу қиын дейді.
АЙМЕКЕН БАҚТЫҒАЛИЕВА, Б. МОМЫШҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Ауылдағы кәсіпорындардың минималды жалақысы 240 мың теңге. Ал мектеп жүргізушісінің жалақысы мемлекеттік тарифпен 93 мың теңге. Сондықтан олар ер азаматтар бұл жұмысқа тілек білдірмейді. Төрт ай көлемінде біз мектеп жүргізушісін іздеп отырмыз. Еңбек.кз сайтында 4 қайтара жарияладық.
Әзірге оқушыларды бір апта уақытша тасуға бір адам келісімін берген. Дегенмен мектеп басшылығы келер аптадан бастап, жағдай реттеледі, тұрақты жүргізуші таптық деп сендірді.