Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдың іргесіндегі ауылдармен қатынас қиындады

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2017
  • 2514

Оралда күн күрт жылынып, қала іргесіндегі ауылдармен қатынас қиындады. Сай-сала суға толып, ми батпаққа айналған жолмен жүру қазір мүмкін емес. Тіпті шаһар түбіндегі елді мекендерге де үлкен автобустар жете алмай жатыр. Алыс болса да жақын, жақын болса да, алыста қалған ауылдықтардың мұңы туралы келесі материалда.

Еркін Карин, тілші:

Батпақтан өте алмаған тұрғындар көліктерін осында қалдырып, жаяу-жалпылап, толарсақтан саз кешіп үйлеріне жетеді. Осылай жиналған көліктерден шағын автотұрақ пайда болған. Тұрғындардың айтуынша, иесіз қалған көліктерді тонау оқиғалары да жиілеген.

Оралдың іргесіндегі елді мекендердің көбінің қазіргі жағдайы осы. Тас жолдан жұрдай жаңа ықшамаудан тұрғындары жылда бейнет шегетінін айтады. Балалар сабаққа кешіксе, жұмысына асыққан ересектер жарты жолды жаяу жүруге мәжбүр. Көлік жүргізушілері де сай толы суды кешуге жүрексінеді. Өйткені қаңтарылып тұрған көлік көп.

Әйгерім Хамзина, Орал қаласының тұрғыны:

Балам қызуы көтеріліп түнімен ауырды, дәрігер шақырсақ, келмейді. Апара алмаймыз. Ертең 1 сәуір қайта келіңдер дейді. Оған да апара алмаймыз. Түс қайта лорға бару керек. Оған да бару мүмкін емес. Әрең деп шықтық. Енді үйге жетеміз бе, жетпейміз бе, білмеймін.

Сатыбалды Қабдиев, Орал қаласының тұрғыны:

Қыстай қар тазаланған жоқ мына жақта. Қар шығарылған жоқ. Тек көшені қырып өтеді. Басқалай қар шығарылмады. Осында тұрып жатқаныма үш жыл, жылда осылай. Тіпті жедел жәрдем өте алмайды мына жаққа. Қанша зейнеткер бар мына жақта? Мүгедектер бар...

Лай судан қауіптенген автобустар да ауылға кіре алмай жырақта тұр. Қазір арнайы техниканың көмегімен сай-саланың суы сорыла бастады. Бірақ тұрғындар күн жылына жердің тоңы түсіп, көлік біткен тұралап қала ма деп қауіптенеді.

Әлібек Ғабдуллин, автобус жүргізушісі:

10 метрден келетін су бар. Көліктің тежегіші сынады. Жолдың жағдайы қиын. Халықты да түсінуге болады. Бірақ жүретін жерге дейін келіп жатырмыз.

Ықшамаудан тұрғындары бұл жерден үйлер көптеп салынғасын, су өтетін табиғи жолдар жабылып қалғанын айтады. Еріген қар суы жүргінші мен жүргізушілердің жүйкесін жұқартқанымен, қалалық құрылыс бөлімі келер жылдан бастап бұл жақтың да жағдайы жақсарарын айтып сендірді.

Әлібек Исманов, Орал қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазір бұл аумақты абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Осы жоба бойынша мұнда келер жылы шамамен 40 шақырым жол жүргізіліп, су өткізетін арналар салынады.

Бірақ бұл жұмыстар келер жылдың еншісінде. Демек, тұрғындарға әлі бір жыл шыдай тұруға тура келеді.

Еркін КАРИН