Алматыда шетелдік туристің жол ақысын шектен тыс қымбаттатқан такси жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Алматы әуежайында болған. Үндістандық саяхатшы блогердің айтуынша, такси жүргізушісі одан келісілген сомадан айтарлықтай көп ақша талап еткен.
"Қазақстанда мені алдап кетті. Бұл менің басымнан өткен ең сорақы оқиға. Түн ортасы шамасында Алматыға келдім. Әуежайдан SIM-карта алып, таксиге тапсырыс беруді ұйғардым. Бірақ таңғалғаным, әуежай іші бос. Әрі қарай не істеу керегін ойланып тұрғанымда, бір жігіт келіп: “есептегіш арқылы такси брондағыңыз келе ме” деп сұрады. Мен Вьетнамда есептегіш арқылы алаяқтыққа тап болдым. Сондықтан оған күмәнмен қарап, бағасын сұрадым. Ол “1000 теңге” деді. Сондай-ақ ол такси компаниясында жұмыс істейтінін айтып, жеке куәлігін көрсетті. Ол заңды түрде жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол адам өте сүйкімді болды. Көлігінің әйнектері қараңғыланған. Қазақстанда кәдімгі такси қызметі осындай болады деп ойладым”, – деді тревел-блогер Комал Махешвари Instagram парақшасында.
Блогер көлікке мінген соң артқы орындықта отырған екі жолаушыны байқаған. Дегенмен, оларға мән бермедім дейді. Межелі жерге жеткенде жүргізуші 77 мың теңге сұрапты.
Махешваридің айтуынша, ол төлеуден бас тартқан кезде жүргізуші ашуға булыққан. Келіссөздерден кейін Махешвари жүргізушіге 30 мың теңге төлеген.
Полиция мәліметінше, ер адам жеке құжатсыз көлік жүргізушісі қызметімен айналысқан. Ал қамауға алу кезінде полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамаған.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен такси жүргізушісі 15 тәулікке қамауға алынды.