Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда шенеунік үш бөлмелі заңсыз алынған пәтерін мемлекетке қайтарды

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2024
  • 288

Оралда әкімдігіндегі бірнеше шенеунікке әкімдік аппаратының басшысы Алтай Құлқаевқа қызметтік тұрғын үйді заңсыз бергені үшін өз лауазымдарына толық сәйкессіздігі туралы ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жазаланған шенеуніктер баспана тарататын тұрғын үй комиссиясының мүшелері болып шықты. Олар: қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, қаржы басқармасының басшысы Ербол Шүкірғалиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Алмат Ашықов, заң бөлімінің басшысы Әлихан Мыңжасаров.

Әдеп жөніндегі кеңес қала прокурорының ақпаратын тыңдаған соң осындай шешім шығарды. Қадағалау органы тексеруден кейін тұрғын үй комиссиясы мүшелерінің әрекеттері заңсыз деген тұжырым жасады.

Басылымның мәліметінше, қала әкімдігінің аппарат басшысы 44 жастағы басшысы Алтай Құлқаев 20 жылдан астам облыс әкімдігі жүйесінде түрлі қызмет атқарған. Сондай-ақ Орал қаласы әкімдігі аппаратында әдеп жөніндегі уәкіл болған. Бұған дейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, қаржы бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет етіп, ал өткен жылы қала әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Биыл наурыз айында шенеунік Қадыр Мырза Әли көшесіндегі №4 үйден үш бөлмелі пәтер алған. Прокурорлық тексеруден кейін Құлқаев заңсыз алған баспанасын мемлекетке қайтарып берді.

“Прокурорлық тексеруден кейін заңсыз алынған пәтерді Әділет департаментінің қызметкері Альмира Қарасаева да қайтарып берді. Ол – қалалық әкімдіктегі заң бөлімінің басшысы, тұрғын үй комиссиясының мүшесі Әлихан Мыңжасаровтың жұбайы. Қарасаева 2023 жылы 13 шілдеде қызметтік тұрғын үй алу туралы өтініш берген. Ал 19 шілдеде Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азамат Халелов оған тұрғын үй комиссиясының "Строитель" шағын ауданы, 39/3 мекенжайы бойынша пәтер бөлу туралы шешім қабылдағанын жазбаша түрде хабарлады”, – деп жазды басылым.