Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 2030 жылға дейін 4 мың дәнекерлеуші қажет

Елімізде 9 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның 1 миллионы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Жыл санап елде екі қолға бір күрек тапқандардың саны артып келеді. Соңғы 15 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39 пайызға артқан. 

Бағдагүл Нарбаева 5 жылдан бері кран жүргізеді. Ол еңбекке етене араласқаннан бастап осы құрылыс саласынан несібесін тауып жүр. Қазір Астанада бетон бұйымдарын шығаратын зауытта жұмыс істейді. Кранның тетігінде отырып ауыр қалыптар мен бетондарды күнінен бірнеше мәрте көтеріп түсіреді. «Жұмысым ауыр болғанымен, өзіме қатты ұнайды, жалақысы да жаман емес» дейді ол.

БАҒДАГҮЛ НАРБАЕВА, КРАН ЖҮРГІЗУШІСІ:

Күніге 5 блоктан шығарамыз. Арғы жақтан құйылып шығады. Соны біз қалыптан шешеміз. Онан кейін бергі жаққа қоятын складқа қоямыз. Арғы жағына басқа крандар жүктейді. Біздер қайтадан машинкаға кіргізуге дайындаймыз.

Елімізде физикалық ауыр жұмыспен айналысатын қазақстандықтардың жартысына жуығы өнеркәсіпте еңбек етеді. Бірақ, сонда да жұмысшыларға сұраныс жоғары. Еңбек ресурстарын болжаудың әдіснамасы шеңберінде алдағы 6 жылда техникалық мамандарға қажеттілік тіпті артады.

АЙЖАН ЖАПАЛБАЕВА, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2030 жылға дейін қайта өңдеу саласында техникалық кадрларға деген қажеттілік бар. Мысалы дәнекерлеушілер 2030 жылға дейін 4 мыңнан аса маман қажет болады. Сантехниктер 2 мыңнан аса мамандар қажет болады.

Министрліктің болжау әдісі мамандар қажеттілігін өтеуге, оның ішінде білім тапсырысын әзірлеу кезінде қолданылады. Ведомство өкілінің айтуынша, алдағы 6 жылда тамақ өнеркәсібінде де маман аздығы байқалады. Алайда қазір білім тапсырысы негізінде тамақтандыру саласына келетін жастар қатары көбейген.

ЖЕҢІС МАҒАУИН, ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Жас мамандарды дайындау процесінде бізде аспаз, кондитер, наубайшы және басқа да мамандар даярлаймыз. Келесі жылы жас мамандар немесе жұмысшы мамандықтар дайындау процесінде осы салада өзіміздің үлесімізді қосып атқарамыз.

«Жұмыстың жаманы жоқ». Тек істің көзін біліп, адал атқара білу керек. Президент айтқандай, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алмақ.