Русский Сайттың толық нұсқасы

Араға 7 сағат салып «KazSat-2»мен қайта байланыс орнады

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2017
  • 2988

Араға 7 сағат уақыт салып «KazSat-2» жер серігімен байланыс қайта орнады. Қазір жұмыс қалыпты түрде жүріп жатыр. Бұл туралы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері хабарлады. "Спутник не себепті жоқ болып кетті?" деген сұрақтың нақты жауабы әзірге жоқ. Қазақстандық инженерлер мен спутникті құрастырушылар мән-жайды толық зерттеуге кіріскен.

«KazSat-2»мен байланыс бүгін таңертең сағат 8:22 шамасында орнап, кейіннен ол радарлардан тыс қалған еді. Төтенше жағдайдың не себепті орын алғанын анықтау үшін, Ресейдің Хруничев атындағы ғарыш ғылыми- өндірістік орталығы мамандарымен бірлесе жұмыс атқарылған. Жер серігі осы орталықта құрастырған еді. Ондағы мамандар Қазақстан тарапының бірден көмекке жүгінгенін растады. Алайда себебін ашып айта алмай отыр.

Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығы өкілі, Ресей:

Сұранысқа орай қажетті жұмыстар толық жүргізіліп жатыр. Спутникті біз жасап шығарғандықтан, штаттан тыс жағдай туындай қалса, келісім бойынша біз жәрдемдесуге тиіс болғанбыз.

Айта кетейік, «KazSat-2» 2011 жылдың шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған. Орбитаға сәтті аттанған отандық жер серігі өз қызметін қалыпты атқарып келген еді. «KazSat-2»нің арқасында 13 байланыс және теле операторлар жұмыс істейді. Штаттан тыс жағдайға орай олардың кейбірінің жұмысы бүгін уақытша тоқтатылды.