Үкімет бір ай ішінде Қазақстандағы бүкіл мектептің асханасын тексереді. Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді. Оған Маңғыстау облысындағы 460 баланың астан улануы себеп болды. Балалардың қазір жағдайы қалай? Тілшіміз айтады.
Бесшоқы ауылындағы мектептің ата-аналары бірнеше күннен бері аурухана есігін күзетіп жүр. Балалары астан ұшынған. Мектептен келген соң жағдайы нашарлай бастағанын айтады. Жүрегі айнып, іші ауырған.
Светлана МАСАТАЕВА, БЕСШОҚЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Екі балам да ауырып поликлиникада жатыр. Бесінші күні сол тамақтан ұшынып, имено котлет пен пюреден. Үлкен қызым бастап ауырған. Іші кетіп, құсып инфекционныйға түскенбіз. Сол жерден ем-дом алып, түнде екінші қызым ауырып бастады. Барлық факт суреттерім бар, видеоларым бар.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауруханаға 460 оқушы келген. Оның 377-сі амбулаториялық бақылауға жіберілсе, 83-і стационарлық ем алуда. Ал екі оқушы жансақтау бөліміне түскен.
Бекболат ІЗБАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Реанимация бөлімінде болған екі бала бүгінде жағдайының жақсаруына байланысты жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта балаларға барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Ата-аналардың айтуынша, бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де мектеп асханасы балаларға қышқыл ботқа мен мерзімі өткен жұмыртқа берген көрінеді. Сондықтан олар болған оқиғаға байланысты кінәлілердің жазалануын сұрайды. Айта кетейік, жеке кәсіпкер №8 мектеппен бірге Мұнайлы ауданындағы тағы үш білім ошағының оқушыларын тамақтандырады. Асханадан арнайы сынама алынған.
Тойлыбай АЙМАҒАМБЕТОВ, №8 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Органдардың бәрі тексеріп жатыр. Осы уақытқа дейін мұндай жағдай орын алған жоқ. Кәсіпкер енді 9 жылдан бері менің алдымдағы басшылармен де жұмыстас болған. 3 жыл сайын конкурсқа түсіп, өзі жеңіп алып келе жатыр осы уақытқа дейін.
Осы оқиғадан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі барлық мектеп асханаларын тексеруге тапсырма берді. +Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кінәлілер жазаланады.