Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысындағы KIA зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығарады

Қостанай облысындағы KIA зауыты 2025 жылдың қазан айында өз жұмысын бастайды. Ол жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығарады. Бұл туралы зауыт басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жасаған жұмыс сапары барысында айтты. Президент өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары «KamLitKZ» шойын құю зауытымен танысудан басталды. Аталған кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан. Зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндіріледі. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды.

Бұдан соң Президент KIA автомобиль зауытының құрылыс алаңына барды. Жоспарға сәйкес, конвейерден алғашқы көлік сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығарылады. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. Ал 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады. Бұл жобалардың есебінен облыстағы сүт және ет өндіру көлемі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі 5 есе көбейеді. Қасым-Жомарт Тоқаев шаруалармен тілдесіп, жер иелері адал еңбек етіп, өз істеріне жауапкершілікпен қарауға міндетті екендерін қадап айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз өз жерлерінде өнімді еңбек етіп жатқан шаруаларға қолдау көрсетеміз. Алайда сатып алынған аумақтарында жылына 2-3 рет болып, пайдасын сыпырып алып, басқа қалаларда, тіпті, шетелде өмір сүретін меншік иелері бізге қажет емес. Мұны Жолдауда да айтқанмын. Олар өздері иелік етіп отырған жерге, ауылдастарына қамқор болу керек. Бұған селсоқ қарауға болмайды.

МАНАТ КАРБОЗОВ, «СЫМА-К» ШҚ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы 3 жылда мал басын 3 есе арттырдық. Қазіргі таңда 1,5 мың бас ірі қара мал өсіріп отырмыз. Кәсіпорында тұрақты 25 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынды дамыту мақсатында өз қаражатымыздан жергілікті жастарды оқытып, білім алып, қайтадан туған еліне қызмет етуіне кепілдік ұсыныстарымыз бар. Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналассақ та, өз ауылымызды тастап кету деген ойымызда жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де аралап көрді. «Юбилейный» шағын ауданында орналасқан нысан жақында пайдалануға берілген. Мұнда жергілікті тұрғындар спорттың түр-түрімен емін-еркін айналыса алады. Мемлекет басшысы кешендегі залдарды көріп, жас спортшылармен әңгімелесті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балаларға сәттілік тілеймін. Мүмкіндіктерің бар, жаттығыңдар. Болашақта әлемге әйгілі спортшылардың жолын қуып, атақты тұлға болуларыңа тілектеспін. Қалада әлі де көпфункционалды спорт сарайы сынды қосымша нысандарды салу қажет. Кем дегенде екі осындай нысан жұмыс істеп тұру керек.

Мемлекет басшысы сонымен қатар балаларға арналған IQostanay smart орталығының қызметімен танысты. Бұдан өзге «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығына барды. Жыл басынан бері мұнда 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған.