Русский Сайттың толық нұсқасы

"Кемеліне келген кәсіпкерлер жеңілдіктен қағылмас үшін орта бизнеске көшпейді", - сарапшы

Елімізде орта бизнес өркендей алмайды. Сарапшылар осылай дейді. Себебі, шағын бизнеске өте керемет жағдай жасалуда. Олар жеңілдетілген салық төлейді, бірнеше адамды жұмыспен қамти алады. Кәсібі кемеліне жеткен бизнесмендер сол себепті орта кәсіпке көшпей отырған көрінеді. Сүндет Оралбек толығырақ "ЭКОНОМИКА" топтамасында тарқатады. 

Елімізде 2 миллионға жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Олар өз бизнесін дөңгелетуі үшін өте тиімді жағдай жасалған. Мәселен, табысынан 3 пайыз салық төлейді. 30 адамға жұмыс бере алады. Мұндай жағдаймен ешкім орта кәсіпке көшпейді дейді мамандар. Көршілес Ресейде жеке кәсіпкерлер табысының 30 пайызын, ал өзбек ағайындар 35 пайызын салық ретінде бюджетке құяды. Сарапшылар салық жүйесіне реформа керегін айтады. 

ЖАҚСЫБЕК ҚҰЛЕКЕЕВ, "ҚАЗМҰНАЙГАЗ" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Орта бизнестің көтерілуі өте қиын. Олар кіші кәсіпкерлерменен бәсекелестікке түсе алмайды. Өйткені мыналардың салықтық мөлшерлемелері өте жеңіл. Ал орта бизнес салықтың барлық түрін төлейді. Үйтіп жұмыс істеу өте қиын болады. Өйткені біз бюджетке ақша жинай алмай қаламыз. Бюджетке ақша түспейтін болса экономикалық, әлеуметтік проблемаларды шеше алмаймыз.

Отбасын құру жауапты қадам. Елімізде 8 айда 43 мың жұп маңызды шешім қабылдапты. Ең көп некелесу Алматы қаласында тіркелген. Бұл өңірде – 14 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді. Ал Астанада - 9 258 жұп тіркелсе, Түркістан облысында – 6 132 неке заңдастырылған. Ажырасу саны көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 14 мыңға жуық отбасының шаңырағы шайқалған. Сондай-ақ, 8 айда 265 мың сәби дүниеге келді. Ең көп бала туу көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі. 31 мыңға жуық шақалақ туылған. Алматыда 29 мың, Шымкент пен Астанада 23 мың бала дүниеге келген.

Бір жылда қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары 5 процентке, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,7 пайызға өсті. Өңірлер бойынша жаңа пәтерлер нарығында баға Ақтөбеде – 7,9, Талдықорғанда – 7,2, Қызылорда қаласында 7,1 процентке қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін 17 процентпен Атырау қаласы бастап тұр. Ал Елордада 12 пайызға көтерілген. Тұрғын үйді жалға алу нарығы – Петропавлда 23, Қарағандыда 22, Шымкент пен Астана қалаларында 20 пайызға қымбаттаған.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында көк қағаз 478 тенгеден саудалануда. Еуро - 527 теңге, ал көрші ел валютасы 5 теңге 22 тиынға бағаланған.