Қызылжарда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егін ору жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Жоғары ылғалдылықтан дән сапасы да көңіл көншітпейді дейді шаруалар. Егін қардың астында қалмай ма деп алаңдайды. Ал синоптиктердің болжамы қандай? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жалғастырады.
Шаруашылық жетекшісі Иван Мелешко биыл екі жарым мың гектар аумаққа дәнді дақыл еккен. Жаз бойы жауын-шашын мол болғандықтан, егін бітік шықты. Алайда, бидайды ору қиынға соғып жатыр. Толассыз жаңбыр кедергі келтіруде.
Иван МЕЛЕШКО, ШАРУА:
Біз екі апта бұрын жасымықты дестеге түсіріп, жаңбырдың кесірінен танап басына кіре алмадық. Сол уақытта жасымық бүлініп кетті. Енді бидайды дестеге түсіруге қорқып отырмыз. Осы қалпында жинайық десек, егін дымқыл. Бізге күннің көзі қажет. Үшінші сұрыпты бидай тым аз.
Биыл өңірде шамамен 4.5 млн гектар аумаққа егін егілген. Бүгінде оның небары 17 пайызы орылған. Орта есеппен әр гектардан 17 центнер өнім алынуда. Күннің көзі жетіспегендіктен егіннің сапасы керемет емес, дейді шаруалар. Алайда, билік өкілдері басқша айтады.
Мейрам МЕҢДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қоймаларға егіннің 180 мың тоннасы түсті. Үшінші классы былай айтқанда 50 пайызға таман. Шамамен 47.8пайыз болып тұр. Оның сапасы жылыға қатысты көтеріліп жатыр.
Синоптиктердің болжамынша, жаңбыр алдағы бірер күнде саябырсиды.
Юлия СМИРНЯГИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
Қыркүйектің екінші онкүндігінде күн ашық болады. Ал соңында жауын-шашын түсетінін болжап отырмыз. Қазан айында да жаңбыр молынан жаумақ. Жалпы, биыл жаз мезгілінде жауын-шашын мөлшері қалыпты көрсеткіштен 2-3 есе асып түскен.
Синоптиктер қыркүйектің аяғында ауа райы бұзылып, қар жауады деп болжап отыр. Танап басында бітік шыққан бидай қардың астында қалмау үшін шаруалар орақты күні-түні жүргізуге көшкен.